Шавкат Мирзиёев Жапония делегациясын қабылдады

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 9 шілдеде Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің (JBIC) төрағасы Тадаши Маэда бастаған делегацияны қабылдады.

    Осы жетекші қаржы институтымен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және жапондық компаниялармен ынтымақтастық жобаларын ілгерілету мәселелері талқыланды.

    2019 жылғы желтоқсан айында Жапонияға жоғары деңгейдегі сапар екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеріп, оны практикалық мазмұнмен байытқаны атап өтілді.

    Өзара сауда және Жапонияның Өзбекстан экономикасына тікелей инвестиция көлемі артып, жаңа бірлескен кәсіпорындар құрылуда.

    JBIC-тің Өзбекстанда басым инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы маңызды рөлі атап өтілді. Бүгінде мұнай-химия, тоқыма өнеркәсібі, энергетика және инфрақұрылымды жаңғырту сияқты салаларды қамтитын бірлескен жобалардың портфелі 3,7 миллиард доллардан асты.

    Өзбекстандағы «Sojitz» корпорациясының қызметі жоғары бағаланды. Онымен бірге мұнай-газ саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Кеше Ташкент қаласында компанияның өкілдігі ашылды.

    Мемлекет басшысы жапондық компаниялардың қатысуымен «жасыл» энергетика, геология, инфрақұрылымды жаңғырту, коммуналдық шаруашылық және денсаулық сақтау салаларындағы жаңа ынтымақтастық жобаларын жедел дайындау мен жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

    Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкімен үш жылдық ынтымақтастық бағдарламасын, сондай-ақ «Sojitz Corporation» компаниясымен Өзбекстан экономикасының жоғары технологиялық секторларында перспективалық жобаларды жүзеге асырудың «жол картасын» қабылдауға келісілді.