Айтулы шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан, Түркімен халқының ұлттық көшбасшысы, Түркіменстан Халық Кеңесінің Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты.
Ұйым мемлекеттері басшыларының атынан сыйлықты Қазақстан Президенті табыс етті.
- Мен бұл марапатты шынайы бауырластық байланыстар негізінде жаңадан бой көтеріп келе жатқан тығыз достығымыз бен ынтымақтастығымыздың символы деп білемін, - деді Мемлекет басшысы салтанатты шарада әріптестеріне алғысын білдіріп.
Соңғы кезеңде Түркі әлемінің ықпалы мен әлеуеті бұрынғыдан да арта түскені атап өтілді. Өзбекстан 2019 жылы ТМҰ-ға мүше болғаннан бері республика тарапынан түркі елдері арасындағы достықты, тату көршілікті және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 50-ден астам ұсыныс пен бастама көтерілді.
Өзбекстанның ұйымға төрағалығы кезінде 100-ден астам түрлі іс-шаралар өткізіліп, практикалық ынтымақтастықтың жаңа тиімді тетіктері құрылды, ықпалды жаһандық және өңірлік құрылымдармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылды.
Ұйымға мүше барлық мемлекеттермен көп қырлы және өзара тиімді қарым-қатынастар тұрақты түрде кеңейіп, стратегиялық әріптестік байланыстар орнатылып, сауда көлемі артып, ынтымақтастық нығаюда.
– Біздің барлық арман-мақсаттарымыз, ұмтылыстарымыз бен іс-әрекеттеріміз үйлесім тапқан. Ежелден дос, бауырлас болған түркі халықтарымыз алдағы уақытта да бірлікте, жарқын болашақты бірге жасайды, – деді Мемлекет басшысы.