Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысқан саммиттте биылғы ынтымақтастықтың қорытындысы шығарылып, 2022 жылға арналған басымдықтар талқыланды. Тараптар өңірлік және халықаралық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Пандемия салдарын еңсеру және эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы ТМД-ны одан әрі дамытудың басымдықтары туралы айта отырып, саяси, экономикалық және гуманитарлық үш бағыттағы ынтымақтастыққа баса назар аударуды ұсынды.
ТМД кеңістігінде толыққанды еркін сауда аймағын қалыптастыру және көлік байланысын нығайту маңызды екені айтылды.
Қатысушылар жаһандық климаттық күн тәртібін ескере отырып, тұрақты «жасыл» дамудың ұлттық бағдарламалары мен стратегияларын іске асыру бойынша күш-жігерді біріктіру қажеттілігіне назар аударды.
Бәсекелестік артықшылықтар мен елдердің экономикаларының бірін-бірі толықтыруын пайдалана отырып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеу маңызды екені атап өтілді.
Айта кетерлік жайт, Өзбекстан соңғы жылдары Достастық елдерінің іс-шараларына қатысуын күшейтті. Сонымен қатар 40-тан астам көпжақты келісімдерге қол қойып, ұйымның 23 органына қосылды. Өткен жылы Өзбекстан алғаш рет ТМД-ға төрағалық етті.
2021 жылы Өзбекстанның Достастық елдерімен тауар айналымы отыз пайыздан астамға артып, мыңға жуық бірлескен кәсіпорын құрылды.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Өзбекстанның ТМД аясындағы кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуға зор қолдау көрсететінін қуаттап, саммитке қатысушылар мен бауырлас халықтарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Осымен Президент Шавкат Мирзияевтің Санкт-Петербургке жұмыс сапары аяқталып, мемлекет басшысы Ташкентке қайтып оралды.