Шавкат Мирзиёевтің Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде сөйлеген сөзі

    Билік 16 Mart 2023 5399

    Жоғары мәртебелі Режеп Тайып Ердоған Мырза!

    Құрметті мемлекет және үкімет басшылары!

    Сіздерді, Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде көргеніме қуаныштымын. Табанды түрік халқына және қымбатты бауырымыз, Түркия Республикасының Президенті Мәртебелі Режеп Тайып Ердоған мырзаға барша әріптестерімнің атынан көңіл айтамын.

    Әзірбайжан Республикасының Президенті Илхом Гейдарович Әлиевке бүгінгі кезектен тыс жиналысымызды өткізу туралы ұсынысы үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді.

    Құрметті делегация басшылары!

    Бүгінгі басқосуымыз, жаңа ғана көрсетілген бейнеролик біздің достығымыз бен ынтымағымыздың қаншалықты берік екенін, қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізді қолдап келе жатқанымыздың нақты іс жүзінде дәлелі.

    Достарымыздың жерінде бұрын-соңды болмаған жойқын жер сілкінісі баршамыздың жүрегімізде шексіз қайғы ұялатты. Өйткені, осы сұмдық апаттың салдарынан біздің ардақты ата-аналарымыз, бауырларымыз, әпке-қарындастарымыз бен балаларымыз құрбан болып, зардап шекті. Бұл шығынның орнын ештеңе толтыра алмайды.

    Бауырлас халықтарымыз сан мыңдаған жылдар бойы өзара келісім, мейірімділік пен ынтымақтың арқасында түрлі қиын жағдайлар мен қиыншылықтарды ерлікпен еңсергенін айта кеткен жөн.

    Өзбекстан халқы достарымыздың басына түскен қиын күндерді «Түркия, біз сенімен біргеміз!» — деп бірауыздан түрік бауырларымызға көмектесуге асықты.

    Осы сұмдық трагедияда қаза тапқан ондаған мың жазықсыз жандардың есімін біз ешқашан ұмытпаймыз.

    Сіздердің рұқсатыңызбен, мезгілсіз қаза тапқан барша жандардың жарқын естелігіне ерекше құрмет көрсету мақсатында Түркі елдері ұйымы аясында жыл сайын 6 ақпанды құрбандарды еске алу және ынтымақ күні деп жариялауды ұсынамын.

    Құрметті кездесуге қатысушылар!

    Мен бүгін Түркияда Құрметті Президент Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен қабылданып жатқан шұғыл шараларды, соның ішінде халық үшін жүздеген мың жаңа үй салу және инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі аса маңызды жоспарлар мен бағдарламаларды ерекше атап өткім келеді.

    Бірден қолға алынған нақты әрі нәтижелі іс-шаралардың арқасында қаншама адамның өмірі мен денсаулығы сақтап қалынды, қыруар қаржы жиналып, ауқымды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі сынақ кезеңінде бауырлас түрік халқы теңдесі жоқ батылдығымен, ерік-жігері және батыл рухымен Түркия көшбасшысының төңірегіне топтасуда.

    Барлығымыз сіздерге көмектесуге және жер сілкінісі салдарынан қираған қалалар мен ауылдарды, әлеуметтік және өндірістік нысандарды қалпына келтіруге және жаңаларын салуға бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Әсіресе, жер сілкінісі ошақтарының бірі болып табылатын және құтқарушыларымыз жұмыс істеген Хатай облысының Овакент аймағындағы құрылыс жұмыстарына қомақты үлес қосу ниетіндеміз.

    Біз салғалы отырған әсем үйлер, заманауи мектептер мен инфрақұрылымдық нысандар болашақта біздің жақын достығымыз бен ынтымағымыздың жарқын символына айналатынына сенімдімін.

    Сондай-ақ, зардап шеккен аудандардан үлкен жасты қариялар мен зиялы қауым өкілдерінің елімізде денсаулығын қалпына келтіріп, демалуына, сондай-ақ Имам Бұхари, Имам Термизи, Имам Мотуриди, Бахауддин Нақшбанд сынды ұлы бабаларымыздың киелі орындарына баруына барлық қолайлы жағдайды жасаймыз. Осы топтарды Ұйымымыздың Ақсақалдар кеңесі басқарса, дұрыс болар еді.

    Осы ретте біз, Хатай жастарын биылғы жазда Өзбекстанға шақырғымыз келеді. Олардың демалысын мазмұнды өткізу үшін көне Самарқанд, Бұхара, Хиуа қалаларын тамашалауы, ата жұрт жерінде құрдастарымен бірлесіп іс-шаралар өткізуі үшін барлық жағдайды жасауды көздеп отырмыз.

    Құрметті әріптестер!

    Талдаулар көрсеткендей, біздің Ұйым елдері орналасқан аумақтар өздерінің географиялық және геологиялық ерекшеліктеріне сәйкес табиғи апаттар мен қауіптер белсенді орын алатын орындар болып табылады.

    Өкінішке орай, соңғы жылдары жаһандық климаттың өзгеруі осындай жойқын оқиғалардың ауқымы мен зиянын күрт арттырды. Осы бағыттағы практикалық ынтымақтастығымызды кеңейту мақсатында келесі нақты ұсыныстарға назар аударғым келеді.

    Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою мақсатында мен Ұйымымыздың жүйелі ынтымақтастық платформасын құру туралы бастаманы алға тартқым келеді. Осы тұғырнама аясында нақты тетіктерді енгізіп, маңызды шаралар қабылдау кезек күттірмейтін міндет деп білемін.

    Біріншіден, Ұйым аясында табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған көпжақты келісімді жедел әзірлеу аса маңызды. Осыған байланысты біз Түркия тарапы ұсынған азаматтық қорғау жүйесін құру жөніндегі құжат жобасын толық қолдаймыз.

    Екіншіден, Төтенше жағдайлар министрліктері арасындағы серіктестікті түбегейлі жандандыру керек. Олардың келесі отырысында ең басым бағыттар бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жоспарға сай болар еді.

    Басты назар техникалық қауіпсіздік талаптарына қатаң көңіл бөлу және осы саладағы ең озық әлемдік тәжірибені қолдану; халықтың тұрақты хабардарлығын арттыру; құтқару қызметі мамандарының біліктілігі мен тәжірибесін арттыру; бірлескен оқу-жаттығулар өткізуге көңіл бөлуіміз керек.

    Үшіншіден, осындай тосын әрі қиын кезеңде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жақыннан көмек көрсету тетіктерін енгізу орынды.

    Әңгіме азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдарын кедергісіз жеткізу, өнеркәсіпті қалпына келтіруге бағытталған кооперативтік жобаларды іске қосу туралы болып отыр. Әрине, бүгін ресми түрде құрылған Түрік инвестициялық қорының алғашқы қаржы ресурстарын осы жобаларға тартуға болады деп ойлаймыз.

    Тағы бір маңызды мәселе. Ғылыми-техникалық саладағы жетістіктерге қарамастан, жер сілкінісі, су тасқыны, орман өртін, дауылды ерте анықтау және алдын ала ескерту әлі де өзекті міндет болып қалуда.

    Осы процестерді терең зерттеп, ғылыми-техникалық жаңалықтарды салаға кеңінен енгізу үлкен оң нәтиже беретіні анық. Осыны негізге ала отырып, Ұйымның құрамында Табиғи апаттарды бақылау және талдау орталығын құру және оны Ташкентке орналастыру жөніндегі бастамамызды мақұлдайсыз деп сенемін.

    Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының мамандандырылған халықаралық құрылымдармен практикалық ынтымақтастығын нығайту қажет. Атап айтқанда, Ұйымның хатшылығы Табиғи апаттар қаупін азайтудың жаһандық қоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының Табиғи зілзалаларды азайту жөніндегі халықаралық стратегиясының Хатшылығы, Төтенше жағдайлардағы қозғалыстың орталық қоры сияқты халықаралық құрылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатумен айналысса, дұрыс болар еді деп ойлаймын.

    Құрметті саммит қатысушылары!

    Сөзімнің соңында тағы бір өзекті мәселеге назар аударғым келеді. Ұйымымыздың бірқатар елдерін саяси оқиғалар, атап айтқанда, маңызды сайлау күтіп тұр. Осы маңызды іс-шаралардың жоғары деңгейде, табысты өтуіне шын жүректен тілектеспін.

    Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толып отыр.

    Соңғы жиырма жылда құрметті қандасым Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен Түркия Республикасының халықаралық аренадағы абыройы мен беделі күрт өсті. Мемлекеттің әлемдік экономика мен саясаттағы рөлі мен ықпалы тұрақты түрде артып келеді.

    Заманауи және қуатты Түркияның бүгінгі барлық жетістіктерінде құрметті Президенттің зор еңбегін ерекше атап өтеміз. Сондықтан барша бауырлас халықтарымыздың атынан Түркия халқын сайлауда құрметті Режеп Тайып Ердоғанның кандидатурасын толық қолдауға шақырамыз.

    Біздің ортақ тілегімізді бүгін қабылданып жатқан Анкара декларациясында көрініс табуы мақсатқа сай болады.

    Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздерді келе жатқан көктем мен жаңару мерекесі – Наурыз- және қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын.

    Назар аударғаныңызға рақмет.

    No date selected
    November 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates