Мемлекет басшысы Жаңа Ташкент халықаралық әуежайының іргетасына капсула қойды

    Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент облысында жаңа халықаралық әуежай жобасының тұсаукесерімен танысып, осы ірі кешеннің құрылысы басталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты.

    Дамуы қарқын алған, алып мегаполиске айналып келе жатқан Ташкент қаласына бүгінде әлемнің түрлі аймақтарынан туристер, кәсіпкерлер, инвесторлар мен мемлекет қайраткерлері жиі келіп жатыр. Нақты дерекке сүйенсек, Өзбекстан әлемге кеңінен ашылғаннан кейін шетелдік туристер саны 3 миллионнан 10 миллионға дейін артқан, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 миллионға жетпек.

    Жақсы көршілік қатынастардың қайта орнауы мен шекаралардың ашылуы адамдарға өңір аумағында еркін қозғалу мүмкіндігін берді.

    Мемлекет басшысының бастамасымен бой көтеріп жатқан Жаңа Ташкент қаласы қолайлы орналасуы, инвестициялық тартымдылығы және өмір сүруге барынша жайлы жағдайларымен алдағы уақытта ең белсенді аймақтардың біріне айналмақ.

    Соған сәйкес көлік инфрақұрылымының барлық бағыттары үйлесімді дамып келеді. Әсіресе авиация саласында жаңа экожүйе қалыптастыру бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

    Қазіргі таңда өңірлердегі 7 халықаралық әуежай заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылып жатыр.

    «Мойнақ», «Қоқан», «Зомин», «Шахрисабз», «Сариосиё», «Сух» аудандарында жаңа әуежайлар салынып, олардың жалпы саны 18-ге жетті.

    Салада бәсекелі орта қалыптасуының арқасында 15 жаңа авиакомпания пайда болды. Олардың әуе кемелерінің саны соңғы жылдары 26-дан 105-ке жетті.

    Бүгінде Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Корея, Қытай, Үндістан, Малайзия, Түркия, Ресей және Польша сияқты елдердің 51 авиакомпаниясы Өзбекстанға тұрақты рейстерді орындауда.

    Өз сөзінде Мемлекет басшысы алдағы уақытта да көлік инфрақұрылымын жедел дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

    Атап айтқанда, келесі бес жыл ішінде әуе кемелерінің саны 180-ге, бағыттар 230-ға, ал ішкі және халықаралық рейстердің жалпы саны жылына 200 мыңға жетпек. Сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде дамыту шаралары жүйелі түрде жалғасады.

    – Осы реформалардың түпкі нәтижесінде Өзбекстанды Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстыратын ірі авиациялық хабқа айналдыруды көздеп отырмыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Жаңа халықаралық әуежай құрылысы осы мақсатқа зор мүмкіндік туғызатыны атап өтілді.

    Талдауларға сәйкес, соңғы сегіз жылда Ташкентке келетін әуе жолаушыларының ағыны үш есеге артып, жылына 9 миллион адамға жеткен. 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 24 миллионнан асады деп күтілуде. Алайда қазіргі әуежай жылына 11 миллион жолаушыға ғана қызмет көрсете алады және ол қаланың ішінде орналасқандықтан, кеңейту мүмкіндігі жоқ. Сондықтан шетелдік сарапшылар мен жұртшылықтың қатысуымен талқылау нәтижесінде Орта және Төменгі Шыршық аудандарында 1300 гектар аумақта жаңа халықаралық әуежай салу туралы шешім қабылданды.

    Бұл жоба Сауд Арабиясының «Vision Invest», Жапонияның «Sojitz» және Кореяның «Incheon» компаниялары қатысқан халықаралық консорциуммен бірлесе жүзеге асырылады. Төрт кезеңнен тұратын жобаның алғашқы кезеңінде 2,5 миллиард доллар инвестиция есебінен аэровокзал мен аэродром салынады. Осы арқылы жылына 20 миллион жолаушы мен 129 мың тонна жүк тасымалдау, сағатына 30 ұшу-қону операциясын орындау, 14 телескоптық трапты пайдалану және бір мезгілде 62 ұшақты орналастыру мүмкіндігі жасалады.

    Жаңа әуежай халықаралық азаматтық авиация ұйымының барлық талаптарына сай келіп, ұшу қауіпсіздігі мен техникалық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді. Заманауи аэронавигация жүйелері орнатылып, кез келген ауа райында ұшақ қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

    Маңыздысы бұл жоба өңірдегі «жасыл стандарт» қағидаларына сай келетін алғашқы әуежай болмақ. Терминал аумағында 46 мың шаршы метрлік Duty free аймағы ұйымдастырылады.

    Жаңа әуежай құрылысы аясында мультимодальды көлік торабы құрылады. Ол Ташкент – Самарқанд, Ташкент – Әндіжан және Ташкент – Бостандық ақылы автожолдарымен байланысады. Мұнда заманауи теміржол станциясы салынып, жоғары жылдамдықтағы пойыз қатынауы жолға қойылады. Сондай-ақ астана мен Жаңа Ташкент арасындағы қатынас шаттл көліктері арқылы жүзеге асырылады.

    Ең бастысы, жаңа әуежай экономикалық тұрғыдан да тиімді жоба болып, мемлекетке 27 миллиард доллардан астам табыс әкеледі. Бұл қызмет көрсету, өндіріс және туризм салаларының одан әрі дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

    Мемлекет басшысы іс-шараға қатысқан шетелдік серіктестерге, қаржы институттары мен туристік компаниялар өкілдеріне ризашылығын білдіріп, жаңа әуежай құрылысына қатысатын барлық инженерлер мен құрылысшыларға сенім артатынын айтты.

    Президент Шавкат Мирзиёев жаңа Ташкент халықаралық әуежайының іргетасына капсула қойып, құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берді.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates