Кездесуде биылғы сәуір айында Самарқанд қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропа Одағы» алғашқы саммиті қорытындысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру аясында Өзбекстан мен Еуропа арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Көшбасшылар бүгін қол қойылған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы тарихи келісімді жоғары бағалады. Бұл кең ауқымды құжат Өзбекстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестіктің құқықтық негізін нығайтып қана қоймай, жаңа күн тәртібін қалыптастыратыны атап өтілді.
Сонымен қатар, келісім Одаққа мүше мемлекеттермен ең алдымен сауда, инвестиция, көлік, энергетика, климат, жоғары технологиялар және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы байланыстарды жандандыруға серпін бермек.
Тараптар Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша Еуропа Одағымен екіжақты келіссөздердің аяқталғанын да оң бағалады.
Барлық деңгейде белсенді әрі нәтижелі диалог пен өзара іс-қимылдың жүзеге асырылып жатқаны ерекше атап өтілді. Сапар қарсаңында Өзбекстан делегациясы Еуропа Одағының «Жаһандық қақпа» атты екінші форумына қатысты. Сондай-ақ кеше Ынтымақтастық кеңесі мен Экономика, сауда және инвестициялар жөніндегі кіші комитеттің отырыстары табысты өтті.
Кеше ірі бизнес форумы ұйымдастырылса, бүгін Еуропаның жетекші компаниялары мен қаржы құрылымдарының басшыларымен кездесу өтті. Нәтижесінде энергетика, химия, стратегиялық минералдар, логистика, тоқыма және фармацевтика салаларында жалпы құны 10 миллиард еуродан асатын жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Еуропалық компаниялардың қатысуымен жүзеге асып жатқан жалпы құны 40 миллиард еуродан асатын қазіргі жобалар қоржынына елеулі толықтыру болмақ.
Серіктестіктің жоғары қарқынын сақтау үшін ынтымақтастықтың институционалдық тетіктерін одан әрі нығайту, инвестициялар, стратегиялық минералдар, энергетика, көлік, ғылым және білім салаларында жаңа перспективалы жобаларды жүзеге асырудың маңызы атап өтілді. Іскерлік және гуманитарлық байланыстарды кеңейту мақсатында визалық рәсімдерді жеңілдетудің өзектілігі де айтылды.
Көшбасшылар халықаралық күн тәртібі мен аймақтық ынтымақтастықтың маңызды мәселелері бойынша да пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында Бірлескен мәлімдеме қабылданды.












