Мемлекет басшыларына теңіз деңгейінен 1750 метр биіктікте салынған «Медеу» бөгетінің тасқын судан қорғайтын маңызы, оның тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері туралы мәлімет берілді.
«Медеу» бөгет басына апаратын 842 баспалдақтан тұратын «Саулық сатысы» – бұл кешеннің тағы бір ерекшелігі. 2011 жылы бөгет маңында орналасқан «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына апаратын ұзындығы 4,5 шақырымдық аспалы жол салынған.
Мұнда «Медеу» спорт кешені 1972 жылы салынған және теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте орналасқан.
Мұз айдынының жалпы аумағы – 10,5 мың шаршы метр, бір уақытта 3 мың адамды қабылдай алады. Жыл сайын кешенге 400 мыңнан астам турист келеді.
Бүгінде «Медеу» спорт, туризм және мәдениет кластері ретінде қызмет етуде. Мұнда спорт жарыстары, жаппай коньки тебу, мәдени шаралар мен фестивальдер тұрақты түрде өткізіледі.
2011 жылы бұл жерде VII Қысқы Азия ойындары, ал 2017 жылы Дүниежүзілік Универсиада жарыстары өткен.
Кешенмен танысу барысында Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері жас мәнерлеп сырғанаушылардың көрсетілімін тамашалады.