Кездесу барысында екі ел делегациялары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Мемлекет басшылары сұхбат басында бір-бірін және бауырлас халықтарды көктемнің жаршысы Наурыз мерекесі және жақындап келе жатқан Ораза айтымен шын жүректен құттықтады.
Тараптар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың жоғары деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтті. Барлық деңгейлерде белсенді диалогтар жолға қойылған. Жыл басынан бері өзара тауар айналымы 14 пайызға өсті, жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын инвестициялық жобалар портфелі жасақталды, өңіраралық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық алмасулар кеңеюде.
Президенттер Үкімет басшылары орынбасарларының сауда айналымын арттыру, машина жасау, электр техникасы, мұнай-газ, тоқыма және ауыл шаруашылығы секілді басым салалардағы жетекші кәсіпорындардың бірлескен жобалары туралы баяндамаларын тыңдады.
Сондай-ақ, Президенттер ұзақ мерзімді өндірістік кооперация бағдарламасын қалыптастыру және өңірлік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Биыл жыл бойы Халықаралық өндірістік кооперация орталығын іске қосу бойынша практикалық жұмыстарды бастау және бірлескен сыртқы сауда компаниясының қызметін кеңейту қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында алдағы уақытта Өзбекстанда өтетін Орталық Азия саммиттеріне дайындық мәселелері және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасылды.
Келешектегі екіжақты және көпжақты іс-шаралар жоспары да қаралды.
Кездесу әдеттегідей достық және іскерлік рухта өтті.