Өтіп бара жатқан жыл халқымыздың өмірінде ауқымды өзгерістерге, ертеңгі күнге деген нық сенімге және елеулі нәтижелерге толы болды.

Әлемдегі күрделі жағдайларға қарамастан, біз алдымызға қойған барлық мақсаттар мен межелерге қол жеткіздік. Өзбекстанның жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 145 миллиард доллардан асып, еліміз орта табысты мемлекеттер қатарындағы орнын одан әрі нығайтты.

Экономикалық өсімнің жемісі азаматтарымыздың тұрмысында, отбасылардың табысында, махаллалардың келбетінде, жастарымыздың болашаққа деген сенімінде айқын көрініс тауып отыр.

Өтіп жатқан жылда әрбір отбасыда, әрбір шаңырақта қуаныш пен бақытты сәттер көп болды.

Жаңа үйге қоныс аударған, өз кәсібін бастаған немесе кеңейткен, табысы артқан, ғылым, спорт, мәдениет және өзге де салаларда өзі немесе балаларының жетістіктеріне қуанған миллиондаған отбасылардың шаттығы 2026 жылға арналған мақсаттарымызға жету жолында бізге зор күш береді.

Қадірлі отандастар!

Келесі жылы да әрбір отбасының бақытты, бақуатты әрі салауатты өмір сүруі, жастарымыздың сапалы білім алып, болашақ мамандықтарды меңгеруі және спортпен тұрақты айналысуы үшін жаңа мүмкіндіктерді іске қосамыз.

Біз 2026 жылды «Махаллаларды дамыту және қоғамды өркендету жылы» деп жарияладық.

Жаңа жылда мыңдаған махаллалардың инфрақұрылымын жақсартып, оларға Жаңа Өзбекстанның келбетін енгіземіз.

Экономиканың барлық саласын технологиялық және инновациялық даму моделіне көшіреміз. Халқымыздың табысы мен сатып алу қабілетін арттыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандырамыз.

Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды, қадірлі қарттарымызды, қымбатты қыз-келіншектер мен жігерлі жастарымызды қолдау шараларын кеңейтеміз.

Экологияны жақсарту, «жасыл» энергетиканы дамыту және су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі тиімді шараларды жалғастырамыз.

Бір сөзбен айтқанда, 2026 жылы да барлық реформаларымыз бен бастамаларымыз адамдардың жақсы өмір сүруіне және бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталады.

Тәжірибелі махалла төрағалары мен белсенділері, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлеріміз, жігерлі жастарымыз, кең жұртшылық және әрбір азамат осы игі істерге лайықты үлес қосады деп сенемін.

Қымбатты отандастар!

Жаңа жыл қарсаңында әрбір отбасы ізгі ниет жасайды, әрбір адамның жүрегінде жарқын үміт пен асқақ арман оянады.

Баршамыздың ақ ниеттеріміз бен асыл мақсаттарымыз 2026 жылы орындалсын!

Жаңа жыл әрбір шаңыраққа денсаулық, бақыт пен береке, елімізге өркендеу мен тыныштық әкелсін!

Жаратқан Иеміз Отанымызды аман сақтап, халқымыздың өмірін жақсарту жолындағы еңбегімізге жар болсын!

Жаңа жыл баршамызға құтты болсын!

Шавкат Мирзиёев,

Өзбекстан Республикасының Президенті