Президент Шавкат Мирзиёев 29 тамыз күні орталыққа барып, соңғы әрлеу және жабдықтау жұмыстарымен танысты.
Көркем нысан көне сәулет өнеріміз дәстүрінде салынып жатыр. Ұлттық күмбез бен сөрелер, нақыштардың ғажайып үйлесімі оған ерекше көрік беріп тұр. Кешеннің төрт жағында биіктігі 34 метрлік мұнара, ортасында 65 метрлік күмбез бой көтерген.
Орталықтың ең басты бөлігі – Құран Кәрім залы. Мұнда мұсылман әлемінің асыл қазынасы – көне Усман Мусхафы орналастырылады. Сондай-ақ саманилер, қараханидтер, хорезмшахтар, Өзбекхан, теміруридтер әулеті және өзге де тарихи дәуірлерде жазылған қасиетті Құран нұсқалары мен олардың көне өзбек тіліндегі аудармалары қойылады. Әлемдегі ең сирек қолжазба Құрандар да осы жерге орналастырады.
Мемлекет басшысы осы залдағы әрлеу жұмыстарымен танысып, тиісті тапсырмалар берді.
Сонымен бірге орталықта 460 орындық конференциялар залы салынды. Мұнда түрлі халықаралық кездесулер өткізу үшін барлық жағдай жасалып, ең заманауи техникамен жабдықталған.
– Өзбекстан ұлы тарихқа ие. Ата-бабаларымыздың жасаған ғылыми және мәдени мұрасы адамзат тарихында өшпес із қалдырған. Сол байлықты әлем қауымдастығына танытуда осы орталықтың орны теңдессіз болады деп сенемін, – деді Шавкат Мирзиёев.
Кешенде «Исламға дейінгі өркениеттер», «Бірінші Ренессанс дәуірі», «Екінші Ренессанс дәуірі», «Өзбекстан ХХ ғасырда», «Жаңа Өзбекстан – жаңа Ренессанс» секілді бөлімдер ұйымдастырылады. Бұл кезеңдердің тарихы түрлі жәдігерлер, қолжазба деректер, суреттер мен мультимедиалық құралдар арқылы көрсетіледі. Хорезми, Фарғани, Фараби, Беруни, Ибн Сина, Бурханиддин Марғинани, Махмуд Замахшари, Ұлықбек, Әлішер Науаи, Бабыр, Әли Қушшы секілді ғалымдар мен ойшылдардың еңбектері жайында мол мағлұмат берілген. Сондай-ақ Имам Бұхари, Имам Термизи, Хаким Термизи, Әбу Мансур Матуриди, Әбу Муин Насафи, Қаффал Шоший, Абдулхолиқ Ғиждувоний, Нажмиддин Кубро, Бахауддин Нақшбанд, Хужа Ахрар Валий сынды ғұламалардың ислам өркениетіне қосқан үлесі кеңінен қамтылған.
Орталықта Бибиханым, Ханзодабегим, Гавхаршодбегим, Гүлбаданбегим, Нодирабегим, Увайси, Анбар Отин сынды тарихымызда терең із қалдырған әйелдердің ағартушылық жолындағы қызметіне де орын берілген.
Орталықта ұлы ата-бабаларымыздың мұрасын терең зерттеп, оны бүгінгі күннің өткір мәселелеріне жауап бере алатын өміршең күшке айналдыру қажеттігі атап өтілді. Осы мақсатта Өзбекстан халықаралық исламтану академиясы, Имам Бұхари, Имам Термизи, Имам Матуриди атындағы және басқа да халықаралық ғылыми-ағартушылық ұйымдармен ынтымақтастық орнатылып, заманауи қатерлерге лайықты ғылыми жауаптар іздестірілетін болады.
Мемлекет басшысы орталықтағы құрылысқа жоғары баға беріп, оның жұмысын дұрыс ұйымдастыру, мазмұнын байытып отыру жөнінде нұсқаулар берді.
– Сегіз жыл бойы бұл жерде үлкен еңбек атқарылды. Біз осындай еңселі әрі мағыналы орталық салдық. Мұнда келетін қонақтар халқымыздың бай тарихына, ата-бабаларымыздың білім мен ой-өрісіне тәнті болып, зор рухани қуат алады, – деді Шавкат Мирзиёев.
Мемлекет басшысы орталыққа іргелес аумақта салынған сауда және қызмет көрсету нысандарымен де танысты. Бұл болашақта туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады.















