Мемлекет басшысы жеміс-көкөніс және азық-түлік экспортын арттыру бойынша жиын өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 30 шілде күні жеміс-көкөніс және азық-түлік экспортын арттыру мәселелерін талқылауға арналған видеоселектор жиын өтті.

    Өзбекстанда ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары. Соңғы үш жылда 250 мың гектар мақта және астық жерлері қысқартылып, азық-түлік өнімдері үшін бөлінді. 160 мың гектар жаңа бау-бақша мен жүзім отырғызылып, ескірген 107 мың гектары жаңартылды. 1 миллиард долларлық 1500 азық-түлік жобасы іске қосылды.

    Ауыл шаруашылығындағы реформалар халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Осы айда Өзбекстан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы – ФАО Кеңесінің мүшелігіне сайланды. Бұл ұлттық және аймақтық бастамаларды ілгерілету, жаңа жобаларға қаржы тарту үшін үлкен мүмкіндік.

    Өнімдеріміз табиғи әрі тәтті болғандықтан шетелдерде жоғары бағаланады. Сыртқы нарықтарда «Өзбекстанда өсірілген» деген бренд қалыптасқан. Әсіресе, кептірілген қара өрік пен шабдалы, мейіз, шие, бұршақ өнімдері экспорты бойынша еліміз әлемде жоғарғы орындарда тұр.

    Биыл 6 айда азық-түлік экспорты 44 пайызға өсіп, 1 миллиард 326 миллион долларды құрады. Экспорт географиясы 16 мемлекетке артты.

    Сонымен бірге, әлемдегі жағдай қиындап барады. Ауа райының құбылуы жиілеп, үйреншікті жағдайға айналуда. Мұндай жағдайда әрбір экспорт нарығы, әрбір доллар аса маңызды.

    Алайда барлық жерде мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Мысалы, Сұрхандария мен Ташкент облыстары және Қарақалпақстан азық-түлік өнімдері экспортының қарқыны бойынша басқа өңірлерден артта қалып барады. Науаи облысы болса өткен жылғы көрсеткішіне де жете алмаған. 21 ауданда экспорт өткен жылға қарағанда 70 пайызға да жетпеген.

    Сондай-ақ, биылғы жеміс-көкөніс экспортының 80 пайызы 5 мемлекетке бағытталған. Ұлыбритания, Италия, Швеция, Жапония, Үндістан, Қатар сияқты сұранысы жоғары елдерге экспорт аз. Шетелдегі елшілік пен консулдықтардың бұл бағыттағы жұмысы сезілмейтіні, сауда кеңесшілерінің белсенділігі төмен екені айтылды.

    Жиында осындай кемшіліктер талданып, ауыл шаруашылығында тиімділік пен экспортты арттыру шаралары белгіленді. Бұл экономикалық қауіпсіздіктің басым бағыты екені айтылды. Сондықтан ауа райы мен жағдайға бейімделіп, ыстық пен суыққа, су тапшылығына төзімді өнімдер өсіруге көшу қажеттігі атап өтілді.

    Өңірлер бойынша жүргізілген талдаулар негізінде экспортқа қатысты жаңа қорлар мен мүмкіндіктер көрсетілді.

    Сала мамандарының әлі күнге дейін ескіше жұмыс істеуі нәтижесінде өткен жылы жеміс-көкөніс экспортының 75 пайызы мамыр-қазан айларына, яғни әлемдік нарық өнімге тойынған кезеңге тура келген. Қымбат бағада сату және тұрақты жеткізу үшін қайта өңдеуді дамыту керек.

    Мысалы, озық кәсіпкерлер шие өнімін «шок» әдісімен мұздатып, қыста сатуды бастаған. Елімізде жетіспегендіктен көрші елдерден әкеліп, реэкспорт та жасаған.

    Осыдан келіп, алқап шетінде экспортқа жарамды өнімдерді, әсіресе, шиені көбейту қажеттігі айтылды.

    Биыл өңірлерде 16 заманауи қаптама дайындайтын кәсіпорын іске қосылды. Алайда бұл әлі жеткіліксіз. Экспортқа шығатын жеміс-көкөністің небәрі 18 пайызы заманауи қапталып отыр. Сондықтан жыл соңына дейін тағы 15 кәсіпорын іске қосу тапсырылды.

    Ең ірі экспорт қорларымыздың бірі бұршақ дақылдары. Жыл сайын 450 миллион долларлық бұршақ, маш, тары және ноқат экспортталуда. Алайда жұмыс күші жетіспегендіктен өнімнің 30 пайызы төгіліп, ысырап болып жатыр. Содан үлкен көлемде экспорт мүмкіндігі қолдан шығып қалып отыр.

    Дамыған елдерде фермерлер бұршақ дақылдарын арнайы комбайнмен жинайды. Сондықтан Ауыл шаруашылығы қорынан мұндай техникаға 15 пайызға дейін субсидия берілетін болды. Кредит мөлшерлемесінің 10 пайыздан асқан бөлігі де өтеледі.

    Сондай-ақ, экспорттаушылар тасымалдауға артық шығынданбас үшін кеден режимінде қайта өңделген өнімді кез келген бекеттен экспорттауға рұқсат беріледі.

    Қазіргі таңда жаңа бау-бақша отырғызу және ескілерін жаңарту үшін 350 миллион жемісті әрі экспортқа жарамды көшетке қажеттілік бар. 16 ауданда құрылған «Агростар» компаниялары осы мақсатқа бағытталған. Олардың жұмысы, ең алдымен, тұқым, көшет және тыңайтқыштан басталуы тиіс екені айтылды.

    Сондықтан «Агростар» компаниялары үшін «in vitro» зертханаларын, сондай-ақ осы аудандарда сақтау, қаптама, сұрыптау және қайта өңдеуді қамтитын заманауи агро кешендер құру тапсырылды.

    Қазіргі таңда елімізде 5 мың 100 гектар жылыжай бар, соңғы жеті жылда оларда өсірілетін өнім көлемі 110 мың тоннадан 546 мың тоннаға артқан.

    Алайда кәсіпкерлер несие ауыртпалығы, тыңайтқыш бағасының қымбаттығы, үздіксіз газ жеткізудің жоқтығы себепті қиындыққа тап болуда. Атап айтқанда, 600 гектардан астам жердегі жылыжай жұмысы тоқтаған, 128 гектары қарыз салдарынан банк қарамағына өткен.

    Сондықтан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары белгіленді. Енді ішкі нарықпен бірге экспортқа да өнім жеткізу міндеттемесін алған, табиғи газда жұмыс істейтін жылыжайларға қысқы маусымда газ кепілденген көлемде беріледі. Көмір немесе өзге баламалы отынға өткен және экспорт міндеттемесін алған жылыжайларға да табиғи газға қайта оралу мүмкіндігі беріледі.

    Айналым қаражаты жеткілікті болуы үшін алдын ала төлем қазан-наурыз айларына 50 пайыз етіп белгіленеді. Бұл ретте жылыжайлар газ кәсіпорындарымен 1 қазанға дейін шарт жасайды.

    Көмір немесе өзге балама жылыту жүйесіне өткен жылыжайларға берілген несие мерзімі ұзартылатын болды. Жылу насосы технологиясы негізінде жылыжай ұйымдастырғандарға шығындардың 20 пайызына дейінгі бөлігі өтеледі, бұл жұмыстар несие есебінен болса, несие мөлшерлемесінің 4 пайызы өтеледі.

    Тағы бір жаңалық – енді жылыжайлар, санатына қарамастан, жер салығын ауыл шаруашылығы жерлері мөлшерлемесімен төлейді. 2028 жылға дейін жылыжай жұмысшылары үшін әлеуметтік салық мөлшерлемесі 12 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетіледі.

    Салық комитетіне жылыжайлардан қысқартылған газдың қай салаларға бағытталғанын және олардың тиімділігін талдау тапсырылды. Егер ол салада қосылған құн аз болса, газ жылыжайларға бағытталады.

    Экологиялық жағдайды ескере отырып, Ташкент облысындағы жылыжайлардың қызметінің ауа сапасына теріс әсерімен байланысты мәселелерді түбегейлі шешу тапсырылды.

    Қазіргі таңда 224 мың гектарда су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жақсы нәтиже берді. Соның нәтижесінде 420 миллион текше метр су үнемделіп, қосымша 65 мың гектарда жеміс-көкөніс өсіру мүмкіндігі жасалды. Бұл үшін өткен жылы 2,6 триллион сум, биыл 1,2 триллион сум жұмсалды.

    Енді жыл соңына дейін тағы 10 мың гектарда тамшылатып және жаңбырлатып суару енгізу, 200 мың гектарды лазерлік тегістеу жоспарланған. Экономика және қаржы министрлігіне бұл үшін 500 миллиард сум бөлу, келер жылғы бағдарлама үшін 2 триллион сум ресурс қалыптастыру тапсырылды.

    Белгілі болғандай, жақында алқап шетіне егін егу, кооперациялар бойынша заңдар қабылданды. Сондай-ақ, Су кодексінің қабылдануы су тапшылығы жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді. Енді мұны жалғастырып, ауыл шаруашылығында табысты арттыру, экспортты ынталандыру, озық стандарттарды енгізу бойынша да заңнаманы нығайту орынды екені айтылды.

    Үкіметке экспорттаушы, жылыжай иелері және жеміс-көкөніс өсірушілермен тұрақты байланыс орнатып, мемлекеттік органдарға байланысты барлық мәселелерді анықтап, орнында шешіп отыру тапсырылды.

    Жиында кәсіпкерлердің озық тәжірибелері қаралды, жауапты басшылардың ақпараты тыңдалды.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates