Өзбекстанда білім мен жастар мәселесі мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген. Осы мақсатта көптеген оқу орындары салынып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Жастарға жалпы біліммен қатар қабілетіне қарай арнайы білімдер де беріліп келеді. Атап айтқанда, 14 Президент мектебі, 201 мамандандырылған, 2 спорт және 9 өнер мектебі ашылды. Бұл мектептердегі оқыту және бағалау жүйесі 1500 мектепке енгізілді.

Осының қисынды жалғасы ретінде білімді оқушыларды іріктеп, оларды халықаралық деңгейде тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы Ғылым олимпиадалары орталығы, биыл халықаралық мектеп ашылды.

Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес, жастарды АҚШ-тың «Печак лигасы» (The Ivy League) университеттеріне дайындау жолға қойылып отыр. Ол үшін ұлттық бағдарлама қабылданды. Биыл алғаш рет 1,5 мың оқушы іріктелді. Оларға Президент және мамандандырылған мектептердің 208 мұғалімі тәлімгер етіп бекітілді.

Атаулы «Ренессанс» лагері де осы жүйенің бір бөлігі. Мұнда жастар жыл бойы 3 апталық интенсивті оқу курстарынан өтеді. Жақсы нәтиже көрсеткен 40 жас «Печак лигасы» университеттеріне тәжірибе алмасуға жіберіледі.

Лагерь 500-ге жуық оқушыны қабылдау мүмкіндігіне ие. Әкімшілік, оқу корпустары мен жатақханада заманауи жағдай жасалған. Қонақ үй, асхана және автотұрақ келушілерге қосымша қолайлылық береді.

Жазда өткен семинарларға пән олимпиадаларының жеңімпаздары, шет тілі сертификатына ие жастар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балалары қатысты. Бұл тең мүмкіндіктен пайдаланған ұл-қыздар білімін арттырып, болашағына мықты негіз қалады.

Бұрын лагерьлер демалыс және ойын-сауық орны ретінде қарастырылғаны жасырын емес. Енді бұл көзқарас түбегейлі өзгерді. «Ренессанс» білім, руханият пен инновация алаңына айналды.

Президентіміз лагерь бөлмелеріндегі жағдайларды, жастардың ойлап тапқан жаңалықтарымен танысты.

STEAM кабинеттері, ұшақ басқару симуляторы, жаратылыстану ғылымдары зертханалары балалардың қызығушылығын тәжірибелік дағдыға айналдырады. Олар кітапханада білімін, спорт алаңдарында денсаулығын нығайтады. Өнер бұрышында шығармашылық және әдебиет сабақтары қолдау табады. Әсем табиғат пен достық орта жастардың көңіл-күйі мен жігерін көтереді.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Жаңа Өзбекстан университетінің басшылығы және түлектерімен кездесті.

– Өзбекстан жастарының әлеуеті, жігері мен талпынысы зор. Біз мемлекет болып, ұлт болып сапалы білімді қамтамасыз етсек, балаларымызға ешкім тең келе алмайды, олар барлық салада көшбасшыға айналады, – деді Шавкат Мирзиёев.

Осы жерде Әл-Хорезми университеті кампусының жобасы таныстырылды. Бұл бастама да жастардың білімін арттыруға, қабілетін дамытуға бағытталған. Жобаны тиімді жүзеге асыру бойынша маңызды міндеттер белгіленді.