Таныстырылым барысында, ең алдымен, жүрек-қан тамырлары мен цереброваскуляр ауруларының алдын алу және оларды емдеуді жетілдіру бойынша әзірленген шаралар талқыланды.

Жоспарға сәйкес, «Stent for Life» және «Action Plan for Stroke» халықаралық бағдарламалары негізінде әзірленген «Инфаркт пен инсультке қарсы күрес» ұлттық бағдарламасы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Самарқанд облысы мен Ташкент қаласында, 1 қазаннан бастап Әндіжан, Наманган және Ферғана облыстарында, ал 2027 жылдан өзге өңірлерде кезең-кезеңімен іске асырылады.

Ұлттық бағдарлама аясында 30 жастан асқан тұрғындар арасында сауалнама жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша қауіп тобына жататын азаматтар мақсатты медициналық тексерулерден өткізіледі. Сонымен қатар, науқастарға жедел медициналық көмек көрсету алгоритмдері мен клиникалық маршруттарды практикаға енгізу көзделген.

Аталған аурулар кезінде жедел көмек көрсету барысында халықаралық стандарттарға сәйкес «алтын сағат» қағидатының уақыт нормалары енгізіледі.

Таныстырылымда жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық және цифрлық мүмкіндіктерін түбегейлі арттыруға бағытталған шаралар да ұсынылды. Жедел жәрдем бригадалары телеметриялы электрокардиографтармен және мониторлы дефибрилляторлармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ЭКГ нәтижелерін жасанды интеллект көмегімен талдау және ақпараттық жүйе арқылы жолдау, жедел жәрдем бригадалары мен ауруханалар арасында нақты уақыт режимінде дерек алмасу мүмкіндігі жасалады.

Стационарлы медициналық мекемелерде инсультті жасанды интеллект негізінде диагностика жасау жүйесі енгізіліп, науқастардың қозғалыс маршруттары цифрландырылады. Ауруханалар шұғыл жағдайларда хирургиялық араласу жүргізу үшін тромб ерітетін дәрі-дәрмектермен және қажетті шығын материалдарымен қамтамасыз етіледі.

Жедел стационарлы медициналық қызмет көрсетуге жекеменшік медициналық ұйымдарды тарту, сондай-ақ жүрек-қан тамырларының жедел аурулары мен мида қан айналымының жедел бұзылуы жағдайында көрсетілген қызметтерді Мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландыру көзделген.

Ұлттық бағдарлама шеңберінде «Электронды денсаулық сақтау» ақпараттық жүйесінде науқастар мен қауіп тобындағы тұрғындардың электронды тізілімі жүргізіледі.

Халық арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарына да ерекше мән берілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде әлеуметтік роликтер, инфографикалар, анимациялық және қысқаметражды бейнероликтер тарату, базарлар мен сауда орталықтарының маңына билбордтар мен баннерлер орналастыру, білім беру мекемелерінде, кәсіпорындар мен махаллаларда инфаркт пен инсульт белгілерін ерте анықтау бойынша семинар-тренингтер өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, «Angels Initiative» халықаралық бастамасының «FAST Heroes» бағдарламасы аясында мектеп оқушыларына арналған арнайы сабақтар ұйымдастырылады. Жыл сайын 29 қыркүйек — Дүниежүзілік жүрек күні және 29 қазан — Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күніне орай қан қысымын, қант пен холестерин деңгейін тегін өлшеу, тұрғындардың жедел көмек көрсету бойынша сауаттылығын арттыруға бағытталған жаппай іс-шаралар өтеді.

Бағдарламаны қаржыландыруға 2026 жылы 239 миллиард сум, ал 2027 жылдан бастап жыл сайын 280 миллиард сум бөлу көзделгені айтылды.

Сонымен қатар, таныстырылымда 2026–2030 жылдары қан қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар қаралды.

Қан өнімдеріне сұраныстың артып отырғанын ескере отырып, қызмет мүмкіндіктерін кеңейту және медициналық мекемелердің қан мен қан өнімдеріне деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге бағытталған мақсатты шаралар әзірленген.

Атап айтқанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары негізінде әр мың тұрғынға шаққандағы қан тапсыру (донация) санын 10-нан 30-ға дейін арттыру, жалпы донациялар санын 1 миллионға жеткізу арқылы дайындалатын қан қорын 150 мың литрден 450 мың литрге дейін ұлғайту, сондай-ақ ерікті қан донорларының санын 300 мыңнан 900 мың адамға дейін жеткізу көзделген.

Озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қан және оның құрамдас бөліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стандартты операциялық рәсімдер, қауіпсіздік хаттамалары мен заманауи скрининг әдістері енгізіледі. Сонымен қатар, қан қызметі жүйесі қызметкерлерінің кәсіби білімі мен дағдылары арттырылып, материалдық-техникалық база нығайтылады, сондай-ақ ерікті донорлық қозғалыс жан-жақты қолдау табады.

Қанмен жұмыс істеу жүйесін түбегейлі жетілдіру мақсатында «қажеттілік – қайта өңдеу – жеткізу» тізбегі аясында процестерді басқару жүйесі енгізіледі.

Цифрлық платформа шеңберінде «Қан өнімдерінің электрондық есебін жүргізу» ақпараттық жүйесі іске қосылып, қан және оның құрамдас бөліктерінің қозғалысын бақылау, жедел медициналық жәрдеммен интеграцияланған түрде тапсырыс беру, сондай-ақ медициналық мекемелердің қорын онлайн режимде мониторингтеу мүмкіндігі жасалады.

Қан қызметін қаржыландыру үшін 2026 жылы 308 миллиард сум, ал 2026–2030 жылдары саланы жетілдіруге жалпы көлемі 1,75 триллион сум қарастырылғаны атап өтілді.

Тұсаукесер барысында республикалық мамандандырылған ғылыми-тәжірибелік орталықтар мен клиникалардың қызметін зерделеу нәтижелері туралы да ақпарат берілді.

Жұмысшы топтар 2025 жылдың қыркүйек–желтоқсан айларында республикалық деңгейдегі 37 медициналық орталық пен клиниканың қызметін кешенді түрде зерттеп, бірқатар ұйымдастырушылық және басқарушылық кемшіліктерді анықтаған. Оларды жою мақсатында 27 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары әзірленіп, ол медициналық қызмет сапасын арттыруды, өңірлермен жұмысты жүйелеуді, басқару тетіктерін жетілдіруді, кадрлық әлеует пен ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, қаржылық тәртіп пен ресурстарды тиімді пайдалануды қамтиды.

Денсаулық сақтау жүйесін реформалау барысында шетелдік сарапшыларды тарту мәселесі де талқыланды.

Қоғамдық денсаулық, денсаулық сақтауды жоспарлау және ұлттық зертханалық жүйені реформалау бағыттары бойынша техникалық тапсырмалар әзірленіп, аталған шараларды іске асыруға 25 халықаралық және 19 отандық сарапшыны тарту ұсынылды.

Сондай-ақ, Республика онкология орталығы мен оның өңірлік филиалдарын жаңғырту жобасы таныстырылды.

2021 жылы Ислам даму банкімен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылған «Өзбекстан Республикасының онкология мекемелерін жаңғырту (II кезең)» жобасы шеңберінде орталықтың жаңа кешені мен оның 13 филиалына жалпы құны 61 миллион АҚШ долларын құрайтын 119 түрлі медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Бұдан бөлек, 5,6 миллион доллар есебінен қосымша 5 түрлі жабдық алу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, қосымша тартылатын 10 миллион доллар қаражат есебінен орталық үшін 80 түрлі 1027 дана медициналық құрылғы, сондай-ақ радиофармацевтикалық өнімдер өндіруге арналған циклотрон мен радиосинтез зертханасын сатып алу ұсынылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына фармацевтика саласын дамыту, халықты қолжетімді әрі сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берілді.

Фармацевтика саласы бүгінде өнеркәсіптің қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының біріне айналды. Қазіргі уақытта бұл салада жалпы құны 2,3 миллиард долларды құрайтын 156 жоба жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы 362 миллион доллар көлеміндегі шетелдік инвестициялар игеріліп, 2,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Сала кәсіпорындары 7,3 триллион сумның өнімін өндіріп, әлемнің 55 еліне 220 миллион доллар көлемінде экспорттады.

Дәрі-дәрмек сапасын қамтамасыз ету және бюрократиялық кедергілерді қысқарту бағытындағы соңғы реформалар нәтижесінде кәсіпкерлер алғаш рет импортталатын 130 түрлі дәрі-дәрмекті технология трансфері негізінде Өзбекстанда өндіруді бастады.

Сондай-ақ, 2 мың атаудағы импорттық дәрі-дәрмектің референттік бағалары қайта белгіленуінің нәтижесінде олардың көтерме бағасы 40–60 пайызға төмендеді.

Тұсаукесерде импортты алмастыратын отандық дәрі-дәрмектің сапасын арттыру және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, осы мақсатта инвесторлар үшін қажетті жағдай жасау, өндірістік және зертханалық қуаттарды кеңейту, сондай-ақ ашық әрі тиімді сапа бақылау жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Мемлекет басшысы ұсыныстарды мақұлдап, тиісті шешімдерге қол қойды. Жауапты тұлғаларға белгіленген іс-шараларды уақытында әрі сапалы орындау, талқыланған бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу тапсырылды.