Президент ел жастарымен кездесу өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёев 14 ақпан күні жастармен кездесу өткізді. Видеоселектор форматында өткен жиында жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту және оларды қолдау мәселелері талқыланды.

    Мемлекет басшысы жастарды халқымыздың алтын қоры деп атап, олардың болашағына ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

    Өзбекстан халқының 60 пайызын жастар құрайды. Жыл сайын 600 мыңнан астам жас еңбек нарығына қосылып, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 миллионға жетеді.

    Жастарды жұмыспен қамту және олардың дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соңғы 8 жылда жас кәсіпкерлер саны 3 есеге өсіп, бүгінде бизнес өкілдерінің 40 пайызын құрап отыр.

    Жастар арасындағы жұмыссыздық екі есеге төмендеді. Жұмыссыздық деңгейі төмендеген махаллалар саны 1889-ға жетті. Жастар дәптері жобасы арқылы өткен жылы 180 мың жасты қолдауға 345 миллиард сум бөлінді.

    Жоғары білімге қолжетімділік те артты. Бұрын бір орынға 10 талапкерден келсе, енді университеттер саны 3 есеге өсіп, жастардың 42 пайызы жоғары біліммен қамтылды. Мемлекет тарапынан қыздарға шартты төлемдердің жабылуы олардың жоғары білім алу мүмкіндігін 11 есе арттырды.

    Өз салаларында табысқа жетіп жатқан жастар саны артуда. Қазіргі таңда әлемнің жетекші университеттерінде 1500 астам өзбекстандық білім алуда.

    Бұрынғы 25 жыл ішінде мемлекет есебінен 800 жас шетелге оқуға жіберілген болса, соңғы 7 жылда «Эл-юрт умиди» қоры арқылы 2300 жас мұндай мүмкіндікке ие болды.

    Ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдар саны екі есеге артып, 4 мыңнан асты. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ұлттық қозғалысқа айналды. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Жас кітапқұмар» байқауының қатысушылары 3 миллионға жетті.

    Әсіресе жастар арасында шет тілдерін үйренуге қызығушылық артты. Соңғы 3 жылда тіл үйреніп жүрген жастар саны 2 миллионға жетсе, IELTS емтиханынан жоғары балл алғандар саны 5 есеге өсті.

    Республикадағы жастар саясаты халықаралық қауымдастық тарапынан да мойындалып отыр. Өзбекстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жастар – 2030 стратегиясын белсенді жүзеге асырып жатқан 10 елдің қатарына енді.

    Кездесу барысында Президент жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған 3 маңызды құжатқа қол қойғанын хабарлады.

    Бірінші құжатқа сәйкес, Жастар агенттігі жанынан қор құрылып, оған 100 миллион доллар бөлінді. Бұл қаржы жас кәсіпкерлерге 2,5 миллиард сумға дейін жеңілдетілген несие беруге және стартап жобаларға 2 миллиард сум инвестиция салуға бағытталады.

    Екінші шешімге сәйкес, жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту үшін жаңа жүйе іске қосылады. Ұлттық банкке 100 миллион доллар бөлініп, жастардың бастамаларын жобаларға айналдыруға банк қызметтері ұсынылады.

    Үшінші құжатқа сай, Алоқабанк жастарды қолдайтын негізгі банкке айналып, 200 миллион доллар бөлінеді. Бұл банк жеке кәсіпкерлерге 100 миллион сумға дейін 7 жыл мерзімге жеңілдетілген микронесие ұсынады.

    Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер 20 жасты жұмысқа алып, шағын кәсіпорын ашса немесе оқу орталығын құрса, 5 миллиард сумға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Банк несиелерінің кемінде 30 пайызы қыз-келіншектер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталады.

    Белгілі болғандай, биыл шамамен 5 миллион 200 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл ретте жастардың үлесі айтарлықтай маңызды.

    Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығымен айналысып, 100 миллион сум табыс тапқан жасқа жеке жер беріледі. Өндірістік ипотека арқылы кәсіп ашқан жастарға арнайы жабдықтар жеңілдетілген шартпен беріледі. Қызмет көрсету саласында жастарды жұмысқа алып, 3 миллион сум жалақы төлеген кәсіпорындарға әлеуметтік салық 1 пайыз болады.

    Креативті экономика салаларында жұмыс істейтіндердің 98 пайызы жастар. Өткен жылы осы бағытта заң қабылданып, құқықтық негіздер бекітілді.

    Енді өңірлерде де креативті индустрия парктері құрылады. Олардың резиденттеріне 2030 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі. Бұл бағытта бизнес мектептері ашылып, кәсіп жүргізу және электронды сауда сияқты қызмет көрсетудің инновациялық әдістері үйретіледі.

    Жұмыс табуда шет тілдерін білу өте маңызды. Сондықтан шалғай аудандарда шет тілдеріне мамандандырылған оқу орталықтарын ашқан білікті жастарға 120 миллион сумға дейін пайызсыз несие беріледі. Сондай-ақ жеке оқу орталықтарында шет тілдерін үйренетін жастарға төлемдері «2+6» ай жүйесі арқылы өтеледі.

    Ақпараттық технологиялар саласында «Бір миллион бағдарламашы» жобасына қосымша 300 мың жас қатысады. Цифрлық әлеуметтік экожүйені енгізу бойынша ұзақ мерзімді стратегия әзірленеді.

    Кедейліктен шығудың ең тиімді жолы – білім. Сондықтан мұндай отбасылардың балалары пайызсыз білім несиесі, қосымша грант, шартты төлемдер арқылы оқуға ынталандырылады. Білімге құштар, бірақ отбасы жағдайы ауыр жастарды шетелде оқыту бойынша жаңа жүйе – «Жарқын келешек» жобасы енгізіледі.

    Жастар агенттігі шетелде оқып жатқан әрбір студентке қолдау көрсетеді. Қабілетті жастар әлемнің үздік 100 университетіне жіберіліп, олардың оқу және тұру шығындары өтеледі. Шетелде білім алғандар ұлттық кадрлар резервіне енгізіліп, мемлекеттік органдарға тікелей жұмысқа қабылданады.

    Сонымен қатар рейтингі жоғары халықаралық университеттерде ғылыми дәреже алған 35 жасқа дейінгі жас ғалымдарға тұрғын үй алу үшін 10 жыл мерзімге 800 миллион сумға дейін пайызсыз несие беріледі. Халықаралық ғылым олимпиадаларында жеңімпаз және жүлдегер болғандар үшін бір реттік сыйақы мөлшері 5 есеге өседі.

    Энергетика, көлік, урбанизация, заманауи сәулет және медицина салаларында «Эл-юрт умиди» қорының квоталары көбейтіледі. Әскери оқу орындарының үлгілі курсанттары үшін «Жоғарғы бас қолбасшы» мемлекеттік стипендиясы енгізіледі.

    Алдағы оқу жылынан бастап оқушылар арасында инженерлік олимпиадалар мен байқаулар өткізіледі. Жеңімпаз түлектер техникалық жоғары оқу орындарына грант негізінде оқуға қабылданады.

    Жиында жастар арасында ұлттық рухты қалыптастыру, идеологиялық шабуылдар мен зиянды ақпараттардан қорғау мәселелері де талқыланды. Тәрбиесі қиын балаларға ерекше көңіл бөліп, олардың өмірден өз орнын табуына көмектесу қажеттігі айтылды.

    Отансүйгіштік сезімін күшейту мақсатында 10 және 11 сынып оқушылары арасында «Отан тірегі» қозғалысы басталып, оған 300 мыңнан астам жас қамтылды.

    Бұл қозғалыс енді кәсіптік мектептер мен техникумдарда жалғасып, жалпы 1 миллион оқушыны қамтиды. Олардың арасында түрлі байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар махаллаларда «Шижоат ва ғайрат» спорт ойындары өткізіледі. Жеңімпаз махаллаларға спорттық нысандар салынып, жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

    Кездесуде сөйлегендер осы жоспарлар мен бастамалардың жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын және олардың армандарын жүзеге асыруға үлкен ынталандыру болатынын атап өтті.

    Мемлекет басшысы жастардың барлық ұсыныстарын қолдайтынын және олардың болашағы үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынын айтты.

    No date selected
    March 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates