Президент қоғамдық көлікпен жүріп, қызмет көрсету сапасын көрді

    Билік 26 May 2023 7045

    26 мамырда Президент Шавкат Мирзиёев «Тошшахартрансхизмат» акционерлік қоғамы жүйесіндегі 7-автобус паркіне барды.

    Халықтың күнделікті өміріне қатысты әрбір мәселе мемлекет назарында. Атап айтқанда, қоғамдық көлік жүйесі сұранысқа қарай дамып келеді.

    Кейінгі жылдары Ташкент қаласы біршама кеңейді. Тұрақты және уақытша тұрғындар, туристер, студенттер саны артты. Бұған дейін қалада қоғамдық көліктерді 800-900 мың жолаушы пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 1 миллион 300 мыңнан асты. Сондықтан автобустардың жетіспеушілігі, ұзақ күту сияқты мәселелер туындаған еді.

    Мемлекет басшысы өткен жылдың 13 желтоқсанында Ташкент қаласының 18-автобус паркінде болып, осы жағдайды көргенде жаңа автобустар әкеліп, жолаушыларға жайлылықты арттыруды тапсырған болатын. Осының негізінде осы жылдың 16 ақпанында Өзбекстан Республикасы Президентінің «Қоғамдық көлік жүйесін реформалау шаралары туралы» қаулысы қабылданды. Осы кештегі сапары барысында Шавкат Мирзиёев саладағы тапсырмалардың орындалу барысымен танысты.

    Сәуір-мамыр айларында Ташкент қаласына 755 заманауи автобус әкелініп, олардың жолаушылары ең көп бағыттарға орналастырылды. Соның нәтижесінде тәуліктік автобус саны 1400-ге жетіп, қосымша 9 бағыт ашылды. Алдағы күндері тағы 245 автобус әкелінбек.

    Атап айтқанда, 7-автобус сарайы күніне 18 бағыт бойынша 90 мың жолаушыға қызмет көрсетіп келген. Жақында оның паркі 67 жаңа көлікпен толықтырылды. Соның нәтижессінде жолаушылар тасымалы артып, автобустардың аралық уақыты қысқарды.

    Шенеуніктер Ташкент қаласының жаңартылған Көлік бас жоспары туралы да ақпарат берді. Атап өткендей, ол қаланың кеңеюі мен жолаушылар ағынын талдау негізінде 167 бағытта жобаланған. Оның 17-сінде тәуліктік жоспар белгілеу тәртібі жойылып, жүріп өткен жолға қарай есептеу жүйесіне көшірілді. Маусым-шілде айларында қалған 150 бағыт тендер арқылы осындай жүйеге өтеді. Нәтижесінде қатынау жүйелілігі қамтамасыз етіліп, қызмет көрсету сапасы артады.

    Жүргізушілердің біліктілігі де өте маңызды. Сондықтан Көлік университетінде және басқа да оқу орталықтарында көлік жүргізуді оқыту және қайта даярлау қолға алынды. Автобус жүргізушілерінің айлық жалақысы екі есеге өсті, жыл басынан бері мыңнан астам жүргізуші жұмысқа қабылданды.

    Мемлекет басшысы автобустарға сапалы қызметті жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды. Жол жүру ақысын төлеу жүйесін реттеу, жол қозғалысын бақылауды цифрландыру, бекеттердегі жағдайды жақсарту бойынша тапсырмалар берді.

    – Жаңа автобустар халқымызға қосымша жағдай жасады. Ендігі міндет – жолдардағы көлік кептелісін азайтып, автобустардың еркін жүруін қамтамасыз ету. Түпкі мақсат – Ташкенттегі қоғамдық көлікпен қамтуды 2 миллион жолаушыға жеткізу, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Президент автобусқа отырып, қарапайым жолаушылармен бірге бағыт бойымен жүріп өтті.