Президент «Uzbekistan hydrogen peroxide» кәсіпорнының жұмысымен танысты

    31 қазан күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Науаи облысына жұмыс сапарымен барды.

    Бұл аймақ ел экономикасында айрықша орын алатын жоғары индустриялық әлеуетке ие. Соңғы жылдары экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктердің артуына байланысты жаңа кәсіпорындар саны өсіп келеді.

    Мемлекет басшысы Науаи қаласындағы «Uzbekistan hydrogen peroxide» бірлескен кәсіпорнының жұмысымен танысты.

    Өңірдегі зауыттарға сутегі тотығы әрдайым қажет. Жалпы алғанда, республиканың өнеркәсіп салалары бұл химиялық қосылысқа жылына орта есеппен 15 мың тоннадан астам сұраныс бар. Биылғы жылы өз жұмысын бастаған «Uzbekistan hydrogen peroxide» бірлескен кәсіпорнында осындай сұранысқа ие өнім өндіріледі.

    Құны шамамен 30 миллион долларды құрайтын жоба аясында зауыт салынып, Қытай, Үндістан, Түркия, Германия, Италия және Швециядан заманауи қондырғылар жеткізіліп орнатылған. Мұнда 80-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпорын жылына 30 мың тонна сутегі тотығын өндіруге қауқарлы.

    Бұл қосылыс химия, металлургия, электр техникасы, фармацевтика, тоқыма, азық-түлік, ауыл шаруашылығы сияқты 10-ға жуық салада қолданылады. Атап айтқанда, қағаз өндірісінде, тұрмыстық және химиялық заттар дайындауда, уран мен кобальт өндіруде кеңінен пайдаланылады. Сондай-ақ, орамдарды тазартатын, жасанды және синтетикалық талшықтарды ағартатын құрал ретінде қолданылады.

    Ең бастысы, экономикалық тиімділігі жоғары. Бұл жерде табиғи газ терең өңделіп, нарыққа бейімделген өнімге айналады. Мысалы, 60 пайыздық сутегі тотығы медицинада үш есе, тұрмыстық химиялық құралдарда екі есе қосымша құнды қалыптастырады.

    Кәсіпорын зертханасына да ең жаңа жабдықтар орнатылған. Мұнда сағат сайын өнім сапасын бақылау мақсатында талдау жасалады.

    Мемлекет басшысы зауыттағы жұмыс барысымен танысып, мамандармен сұхбат құрды.

    - Әр жобаның мақсаты – жоғары табыс пен қосылған құн алу. Бұл зауыт осы жағынан оң нәтиже береді. Енді өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұтынушылар сенімі үшін оны кепілді шикізатпен жабдықтау қажет. Локализация бағдарламасы аясында ыңғайлы шарттармен несие бөлуге де болады, - деді Шавкат Мирзиёев.

    Жауапты тұлғаларға осындай жобаларды көбейту және кәсіпкерлерді қолдау бойынша тапсырмалар берілді.

    Сутегі тотығы осыған дейін Өзбекстанға үлкен шығын шығару арқылы тек шетелден әкелінетін. Енді жергілікті өнім ішкі қажеттілікті толық өтеп, импорт орнын басады. Сонымен қатар, жақын өңірлерде мұндай зауыт жоқ. Сондықтан өнім ТМД және Еуропа елдеріне де жеткізілуде. Қысқа уақыт ішінде шамамен 1,5 миллион доллардың өнімі экспортталған. Зауыттың жылдық экспорттық әлеуеті – 10 миллион доллар.

    Сұйық химиялық өнімдерді сақтау және жеткізу үшін осында пластикалық құйма ыдыстар өндірісі де жолға қойылған. Кәсіпорынды баламалы энергиямен қамтамасыз ету мақсатында қуаты 27 киловатт болатын күн панельдері орнатылған.


    Тағы бір назар аударатын жайт, бұған дейін елде химия саласында жеке сектор болмаған еді. Бұл зауыт соңғы жылдары салаға кірген кәсіпкерлік субъектілерінің бірі.

    Осы жерде зауыт қызметін одан әрі кеңейтуге бағытталған жобалар туралы да мәлімет берілді. Атап айтқанда, Түркияның «Orbak Metal Industry» компаниясымен бірлесіп, сутегі тотығы өндірісінің қуатын 45 мың тоннаға дейін арттыру, сондай-ақ көршілес аумақта азық-түлік өнеркәсібінің жобасын ұйымдастыру жоспарланған.

    No date selected
    December 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates