Әлеуметтік бағдарламаларды жергілікті деңгейде жүзеге асыру – Мемлекет басшысының басты талабы. Университет ауданында да жұмыс осылай ұйымдастырылған. Азаматтар жиналысының ғимараты заманауи жөндеуден өткен. Тұрғын үйлердің аулалары, алаңдары абаттандырылып, ішкі жолдар бетонмен тегістеліп, 700 метрлік велосипед жолы салынды.
Өткен жылдың қараша айында «Жасыл мекен» жалпыұлттық жобасы жарияланғаны белгілі. Бұл үдерісте Президент ағаш көшеттерін отырғызумен қатар, махаллаларда жайлы көшелер жасау керектігін айтқан болатын. Осыған сәйкес университет ықшам ауданында ұзындығы 750 метр жерге жүзім көшеттері отырғызылды. Көпқабатты үйлердің алдындағы алаңдарға райхан, намазшамгүл сияқты гүлдер егілген.
Университет махалласында 4 мыңнан астам адам тұрады. 19 көпқабатты үйдің сыртқы келбеті мен дәліздері абаттандырылды. Сондай-ақ 150 орындық жекеменшік мектеп бар. Оннан астам шағын кәсіпкерлікте жергілікті жастар мен әйелдер жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы мұндағы атқарылған жұмыстарды аралап көріп, махалла белсенділерімен тілдесті.
– Ең алдымен баршаңызды қасиетті Рамазан айымен, айналаңыздың көркеюімен құттықтаймын. Бұл аздап әрекет етсе, басшылар жұмыс көрсетсе нәтиже болатынының мысалы. Қазір бүкіл жүйені махаллада жасақтаудамыз. Неліктен? Әрбір отбасына, әрбір адамға жету үшін. Осындай жұмыстардың барлық махаллаларда жеделдетілгенін қалаймын, – деді Шавкат Мирзияев.
Өткен жылы Ташкентте 579 махалла 2 миллиард сум алды. Биыл олардың әрқайсысына 1 миллиард сумнан бөлінетін болды.
Мемлекет басшысы махалладағы «Almazor Holding Grand» басқарушы сервистік компаниясының қызметімен де танысты.
Көптеген жерлерде болғандай, осы мекеннің төңірегінде де инженерлік желілерде қиындықтар болғантын.
Өзбекстан Президенті 2021 жылдың 19 маусымында «Көп пәтерлі үйлерді басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» қаулы қабылдады. Осы мүмкіндіктердің нәтижесінде құрылған «Almazor Holding Grand» компаниясының екі қабатты ғимаратында жайлы жағдай жасалған.
Компания 7 махалладағы 103 көпқабатты үйге қызмет көрсетеді. Бұрын бұл үйлер 27 компанияның меншігінде болған. Оларда директордан басқа маман, арнайы құрал-жабдықтар болмады. Қазіргі таңда сервистік компания 70 тұрақты жұмыс орнын ашты. Арнайы құрал-жабдықтар сатып алынды. Кәсіпорын ғимаратында коммуналдық оқыту орталығы да ашылды.
Есеп-шоттарда биллинг жүйесі орнатылған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «Менің үйім» мобильді қосымшасы іске қосылды.
Сонымен қатар, басқарушы компания ғимаратындағы қосымша бөлмелерде, сондай-ақ көпқабатты үйлердің жертөлесінде 30-ға жуық тұрмыстық қызмет көрсетіледі. Президент осы сауда орындарын да аралап көрді.
Осы жерде Ташкент қаласының аудандарында құрылатын басқарушы сервистік компаниялар туралы презентация болды.