Республикада инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлар экономиканың жекеменшік сектордағы үлесін арттыруда. Тікелей инвестициялардың тартылуы нәтижесінде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып отыр.
Соның бірі – Юнусабад ауданында бой көтерген «High Town City» кешені. Бұл жобаға толықтай шетелдік инвестициялар есебінен 510 миллион АҚШ доллары бағытталған. Кешен құрамына сауда және ойын-сауық орталығы, бизнес орталық, қонақүй және заманауи тұрғын үйлер кіреді.
Президент сауда кешеніндегі заманауи коммерциялық нысандар мен қызмет түрлерін аралап, кешеннің инфрақұрылымымен танысты. 4 қабатты ғимаратта әлемге әйгілі бренд дүкендері, мейрамханалар, кафелер, ойын-сауық алаңдары, спорт кешендері және кинотеатрлар орналасқан. Сондай-ақ, жер асты автотұрағы да бар.
Қысқасы, мұнда адамдардың сауда жасап, демалып, спортпен шұғылданып, уақытын тиімді әрі жайлы өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Кешен тәулігіне 5 мың адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Сонымен қатар, 1 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Мемлекет басшысы жобаның экономикалық маңызы мен халық үшін тиімділігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпкерлерді қолдау мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Президент ұлттық өнімдерді брендке айналдыру және оларды әлемдік нарықта таныстыру жөнінде тиісті басшыларға тапсырмалар берді.
Кешенде ыңғайлы кітап дүкені де ашылған. Мемлекет басшысы бұл бастаманы жоғары бағалап, метро бекеттері мен күту орындарында да шағын кітап дүкендерін ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Президент ойын алаңында жүрген балалармен кездесіп, олардың болашағына қатысты ойларын ортаға салды. Еліміздің дамуы жастардың білім алуына, олардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Жуық арада 24 қабатты, бес жұлдызды қонақүй салу жоспарланған. Онда 250 нөмір болып, бір мезетте 430 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Қонақүйде үлкен және шағын конференция залдары, бассейндер, мейрамханалар мен дүкендерде заманауи қолайлы жағдай жолға қойылады.
Мемлекет басшысына осы аумақта бой көтеретін заманауи тұрғын үйлердің жобасы таныстырылды. Жоспарға сәйкес, 1 500 пәтерден тұратын 28 көпқабатты үй салынады. Тұрғын үй кешенінің ауласы автокөліктер үшін жабық әрі көгалдандырылған аймақ болады. Сонымен қатар, балабақша, ойын алаңдары, теннис корты, жерасты автотұрағы салу көзделген. Кешен аумағы толықтай Wi-Fi желісімен қамтылып, ғимараттарда дыбыссыз лифтілер орнатылады.
Ташкент қаласында қоғамдық көлікті дамытуға бағытталған жаңа жобалар да қаралды. Бұған дейін Ташкент метросын Ташкент трактор зауыты ауданына дейін ұзарту жоспарланған еді. Осыған байланысты Президент жобаны қайта қарап, баламалы нұсқалар ұсыну қажеттігін тапсырған болатын. Жаңа жобаға сәйкес, Ұлы Жібек жолы бекетінен бастап, Ташкент трактор зауыты ауданына дейін 10 метро бекеті салынады. Бұл желі 30-дан астам махалла мен 148 мың тұрғынды қамтиды.
Тағы бір жоба аясында Бекетмир ауданында, Шыршық өзені маңында көпқабатты тұрғын үйлер, сауда және қызмет көрсету нысандарын салу көзделген. Бұл жоба ауданның урбанизациясын жеделдетіп, жаңа орталық қалыптастыруға септігін тигізеді.