Өзбекстанда баламалы энергетиканы дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, күн батареяларын орнату бойынша ауқымды жұмыстар басталған. Бұл алюминий профильдеріне сұранысты арттыруда.
Биылғы жылдың мамыр айында «Alutex» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шыны және күн батареяларына профильдер дайындау жобасын іске қосты. Бұл кәсіпорын жылына 30 мың тонна алюминий профилінің 350-ден астам түрін шығаруға қауқарлы.
Мемлекет басшысы мұндағы жұмыс барысын, өнімдерді аралап көрді.
– Әлемнің жетекші компанияларымен бірлесе отырып, жалпы қуаты 15 гигаватттан асатын күн және жел станцияларын салғымыз келеді. «Жасыл» энергетика – бұл біздің жергілікті өндірушілер үшін дайын нарық, үлкен мүмкіндік. Тек басты талап – сапа, – деді Мемлекет басшысы.
Кәсіпорынға Италия, Оңтүстік Корея және Түркиядан ең заманауи жабдықтар мен қондырғылар әкелінген. Нәтижесінде 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Қыркүйектен бастап алюминий профилінің қосымша 130 жаңа түрін шығару қолға алынбақ. Импортты алмастырумен қатар, өнімнің бір бөлігін экспортқа шығару жоспарлануда.













