Мемлекет басшысы ауызашарға қатысты

    Билік 25 Mart 2024 1671

    Президент Шавкат Мирзиёев 25наурыз күні ел көлемінде өткен ауызашарға қатысты.

    Халқымыздың өміріндегі, руханиятындағы ислам дінінің алатын орны бөлек. Өзбекстан мұсылмандары қасиетті нанымдарды ұстанып, игі дәстүрді жалғастыруда.

    Биылда еліміз рухани тазалық пен қайырымдылық айы – Рамазан айын үлкен қуанышпен қарсы алды. Мешіттерде Құран Кәрім оқылып, елімізге береке-бірлік төгілуде. Қоғамда достық, бауырмалдық, сүйіспеншілік, қайырымдылық артып келеді. Адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі артып, науқастар мен қарттарға, мұқтаж жандарға қамқорлық аясы кеңейуде.

    Бүгінгі берекелі кеште республиканың барлық өңірлерінде, облыс, қала, аудандардың барлық махаллаларда ауызашар дастарханы жайылды. Наманган облысындағы қайырымдылық шарасына Ферғана және Әндіжан облысының ақсақалдары да келді.

    Мемлекет басшысы еліміз мұсылмандарын Рамазан айымен тағы да құттықтады.

    – Бүгін баршамыз – құрметті ғұламаларымыз бен зиялы қауым өкілдеріміз – бірге ауызашарға қатысудамыз. Біртұтас, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан көп ұлтты Өзбекстан халқы бүгінде бір дастархан басында бас қосуда. Бұл сауапты шара адамдық абыройды асқақтатып, өсіп келе жатқан жастарымызды осындай асқақ рухта тәрбиелеуге қызмет етеді деп ойлаймын, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Президент осы істерге үлес қосып жүрген иманды да жомарт азаматтарға алғысын білдірді.

    Расында да, халқымыз ежелден бір-біріне қолдау көрсетіп, мейіріммен өмір сүруді адамдықтың ең биік көрінісі деп біледі. Бұл асыл қасиеттер бізді қашанда біртұтас халық, біртұтас ұлт ретінде біріктіріп, өмірдің сынақтары мен қиындықтарын жеңуге теңдессіз күш береді.

    Кейінгі жылдары шетелде оқып, жұмыс істеп жатқан отандастарға деген көзқарас та өзгерді. Олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, материалдық және моральдық қолдау көрсету бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, оларды туған жерге қайтару, жұмыспен қамту, табыс көзін ашу, отбасы мүшелері мен балаларын әлеуметтік қорғау бойынша маңызды шаралар атқарылуда.

    Жақында 40-тан астам стипендиат Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Мысыр елдеріне іссапарға жіберілді. Олар отандастарымызды дінге бет бұруға шақырумен қатар, қазіргі қауіпті жағдайдан хабардар болу, заңдарды құрметтеу, теріс жолға түспеу керектігін жайында сұхбаттар ұйымдастырды.

    Мемлекет басшысы шетелдегі отандастарды құттықтап, зор денсаулық пен сәттілік тіледі.

    Жаңартылған Конституцияда «Өзбекстан әлеуметтік мемлекет» деген маңызды ереже бекітілгені белгілі. Осының негізінде республикада әлеуметтік қорғаудың мүлдем жаңа жүйесі қалыптасуда. Бұл жүйе бірінші кезекте мұқтаж жандарға, соның ішінде мүгедектерге, кедейлерге, жетімдерге, қамқорлыққа мұқтаж жандарға жан-жақты көңіл бөлу мен қамқорлық көрсетуге бағытталған.

    Осы туралы айта отырып Шавкат Мирзиёев Әлішер Науаидың адам бойындағы даналық сөздерін еске алды.

    Мұндай көзқарас қасиетті дініміздің шынайы адами болмысымен үндес. Негізінде, нағыз мұсылман өзіне не қаласа, басқаларға да соны қалайды.

    Өзбекстанда халықтың әл-ауқатын арттыру, кедейлікті азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың мәні айтылды.

    Сөзінің соңында Мемлекет басшысы шынайы ізгі тілегін білдірді.

    – Қасиетті Рамазан айының құрметіне республикада, барша мұсылман елдерінде және бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнасын, адамдар мен халықтар арасындағы достық пен бауырластық, өзара сыйластық тұрақты болсын. Күшті – әлсізге, жомарт – мұқтажға, жастар – қарттарға қамқорлық жасасын. Дінімізде көрсетілген тура жолдан таймай, заман талабына сай өмір сүрейік. Жастарымыз білімімен әлемге танылып, еліміздің мәртебесін биіктете берсін. Өзбекстан әлемдегі ең озық елдердің біріне айналсын. Ұстаған оразаларымыз бен дұғаларымыз қабыл болсын, деді Президент.

    Құран сүрелер оқылып, ұлтымызға тыныштық, береке-бірлік тілеп дұға жасалды.