Мемлекет басшысы өз сөзінде кәсіподақ ұйымы мүшелеріне шынайы құрметі мен ізгі тілектерін білдіріп, әрбір кәсіпорын мен ұйымға іскерлік ахуалды, еңбек ұжымдарына ынталандыру мен әділет рухын дарытып келе жатқандары үшін ризашылығын жеткізді.
– Біз бүгін Жаңа Өзбекстанды құру жолында зор мақсаттарға ұмтылып, батыл қадам жасаудамыз. Әлемде геосаяси және экономикалық шиеленіс күшейіп отырған осындай күрделі кезеңде елімізде бейбітшілік пен тыныштықты нығайтып, көпұлтты халқымыздың тұрмысын жақсартуға бар күшімізді салып жатырмыз. Бұл жолда еңбекқор әрі кеңпейіл халқымыздың, әрбір отандасымыздың үлесі зор, – деді Президент.
Сегіз жыл ішінде ел экономикасына 130 миллиард доллар инвестиция тартылғаны, мыңдаған жаңа өндіріс қуаттары іске қосылып, миллиондаған тұрақты жұмыс орындары құрылғаны атап өтілді. Жеке секторға кең жол ашылып, халыққа лайықты еңбек жағдайлары жасалғанының нәтижесінде жан басына шаққандағы табыс 3,5 мың долларға жетті.
Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтау және әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ету бағытында берік заңнамалық негіздер қалыптасқаны айтылды. Жаңартылған Конституция, Еңбек кодексі, «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Кәсіподақтар туралы» заңдардың қабылдануы – осы саладағы маңызды қадам болды.
Өзбекстан Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарын қабылдап жатқан ең белсенді елдердің қатарына қосылды. Егер сегіз жыл бұрын бұл ұйымның Өзбекстан ратификациялаған құжаттарының саны 12 болса, бүгінде ол 25-ке жеткен.
– Балалар еңбегі мен мәжбүрлі еңбекке толықтай жойылуы көп жылдар бойы біз үшін ең ауыр мәселе болып келген еді. Тек күшті ерік-жігер мен нақты ұстанымымыздың арқасында бұл күрделі проблеманы оң шештік, – деді Президент.
Өзбекстанның балалар еңбегі мен мәжбүрлі еңбекке тосқауыл қою жөніндегі озық тәжірибесі Халықаралық еңбек ұйымы тарапынан үлгі ретінде басқа мемлекеттерге ұсынылуы да осының дәлелі.
Еліміз санаулы мемлекеттердің қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әділетті өтпелі кезеңдер үшін жұмыс орындарын құру және әлеуметтік қорғау жөніндегі жаһандық акселератор» бастамасына қатысып келеді, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік әділеттілік жөніндегі жаһандық коалициясына» мүше. Өткен жылы Өзбекстан бұл ұйымның Әкімшілік кеңесіне мүше болып сайланды.
Бұл жетістіктерде 8 миллионға жуық мүшесі бар, халыққа ең жақын әрі ірі үкіметтік емес ұйым кәсіподақ ұйымының елеулі үлесі бар екені атап өтілді.
– Біз Өзбекстанда кәсіподақтардың еркін және тәуелсіз қызмет атқаруы үшін барлық жағдайды жасадық және бұл қағидаттарға әрдайым берікпіз. Бұдан былай да кәсіподақтарға бірігу құқығын қамтамасыз ету және олардың қызметіне араласпау саясатын табандылықпен жалғастырамыз, – деді Президент.
Кәсіподақтардың кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек құқықтарын қорғаудағы белсенді рөлі ерекше атап өтілді.
Кейінгі жылдары 500 мыңға жуық қызметкердің заңды құқықтары қорғалып, олардың пайдасына 267 миллиард сум өндіріп берілді. Еңбек барысында болған жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккен 1 мың қызметкерге 35 миллиард сум өтемақы төленді. Негізсіз жұмыстан босатылған 13 мың қызметкер қайта жұмысқа орналастырылды.
Кәсіподақтардың халықаралық деңгейдегі беделі мен рөлі де артып келеді. Федерация бастамасымен 2021 жылы Ташкент қаласында Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі құрылды. 2023 жылы Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымының негізі қаланды. Өткен жылы Федерацияның Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүше болуы оның әлемдік беделін жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды.
Кездесуде кәсіподақтар қызметін одан әрі дамыту және еңбек қатынастарын жетілдіру бойынша алдағы міндеттер талқыланды.
Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты заңнамалық құжат жобасын әзірлеуге Әлеуметтік-еңбек мәселелері жөніндегі үшжақты республикалық комиссияның (Кәсіподақтар федерациясы, Еңбек министрлігі және Жұмыс берушілер конфедерациясы) қатысуы ұсынылды. Бұл қызметкерлердің мүддесін қорғауды қамтамасыз етудің жаңа тәсілі болмақ.
Жаһандану және цифрлық даму жағдайында еңбек қатынастарының жаңа түрлері — қашықтан және платформалық жұмыспен қамту кеңінен таралып отыр. Бүгінде бұл бағыттар экономикалық өсімнің бір бөлігіне айналып, сол салада еңбек ететін азаматтар еңбек қатынастарының тең құқықты субъектісіне айналуда.
Сондықтан кәсіподақтармен бірлесе отырып, платформалық қызмет атқаратын азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтандыру бойынша негізделген ұсыныстар әзірлеу қажеттігі атап өтілді.
Қыз-келіншектердің белсенді әлеуметтік топ ретінде қалыптасуында кәсіподақтардың жетекші күшке айналуы үшін бүгінде барлық мүмкіндік бар екені айтылды. Мемлекет басшысы еңбек нарығында әйелдер үшін тең мүмкіндіктер жасау, олардың қоғамдағы орнын табуына және әлеуметтік белсенділігін арттыруға көмектесетін жаңа тәсілдерді енгізуге шақырды.
Жыл сайын еңбек ұжымдарындағы гендерлік аудит нәтижелерін талқылап, жұмыс берушілермен бірлесе отырып, әйелдерге барынша қолайлы еңбек жағдайларын жасау орынды екені баса айтылды.
Кәсіподақтардың ымырашыл және бітімгер ұйым ретінде жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы дауларды сотқа дейін шешудегі белсенділігі маңызды екені атап өтілді.
Сонымен қатар, еңбекке байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулар туралы бірыңғай деректер жүйесінің жоқтығы сөз болды.
Жауапты министрліктерге кәсіподақтармен бірлесе отырып, жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулар туралы ақпарат алудың бірыңғай жүйесін іске қосу, сондай-ақ мұндай жағдайлардың есебін жүргізу, себептерін талдау және шешімдер әзірлеу жөнінде қаулы жобасын енгізу тапсырылды.
Тиісті салаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтарын сенімді қорғауға бағытталған бастамаларды ілгерілету мақсатында министрліктер мен салалық кәсіподақтар алқалық органдарының бірлескен отырыстарын тұрақты түрде өткізу жүйесін жолға қою ұсынылды.
Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп әзірленіп жатқан Өзбекстанда лайықты еңбек бойынша 2030 жылға дейінгі бағдарламада лайықты жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, гендерлік теңдік, жастар және инклюзивтілік мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді.
Түрлі себептермен жұмыссыз қалған, еңбек барысында ауруға немесе мүгедектікке шалдыққан азаматтарды әлеуметтік қолдау кепілдіктерін күшейту де өзекті міндет екені айтылды.
Сондықтан «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру туралы» тікелей әрекет ететін заңды қабылдауды жеделдетіп, әлеуметтік сақтандыру қорын қалыптастыруда жұмыс беруші мен қызметкерлердің қатысуын нақты айқындау қажеттігі атап өтілді.
Ғалымдар, сала ардагерлері мен белсенділер жүргізген зерттеулерге сәйкес, Өзбекстанда кәсіподақ қозғалысы 1905 жылы негізделгені дәлелденді. Осыған байланысты биыл ел көлемінде кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілуде.
Осы айтулы күнге орай, Президентіміз еңбекқор халқымызға терең құрмет пен ілтипат белгісі ретінде әр өңірде «Кәсіподақтар саябағын» ұйымдастыруды ұсынды.
– Бірлесе бастаған істеріміз әрбір еңбек ұжымы, әрбір қызметкер және оның отбасы үшін пайдалы болып жатқанына тағы да көз жеткіздім. Бұдан былай да «Адам қадірі үшін» деген ізгі идея Жаңа Өзбекстандағы реформалардың басты бағыты болып қала береді, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы сала өкілдерін Өзбекстан кәсіподақтарының 120 жылдық мерейтойы және алдағы Кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтады.
Кездесу барысында кәсіподақ белсенділерімен пікір алмасу өтіп, олардың ұсыныстары мен бастамалары тыңдалды.











