Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев отбасы мүшелерімен бірге Ташкент қаласының Мырза Ұлықбек ауданындағы 59-сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Ел Конституциясының 128-бабында азаматтардың мемлекеттік биліктің өкілдік органдарына сайлау және сайлану құқығына ие екендігі белгіленген. Дауыс беру құқықтары, өз еркін білдіру теңдігі мен еркіндігі заңмен қамтамасыз етілген.
Сайлауда бес партия: Кәсіпкерлер мен іскерлер қозғалысы – Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясы, «Миллий тиклашниш» демократиялық партиясы, Экологиялық партия, Халық демокрациялық партиясы, сондай-ақ «Адолат» социал-демократиялық партиясы қатысуда. Бұл маңызды оқиға «Менің таңдауым – өркендеген Отаным» ұранымен, дамыған әлеуметтік-саяси ортада өтуде.
Өзбекстан тарихында алғаш рет Олий Мажлис заң шығару палатасы сайлаулары аралас сайлау жүйесі, яғни мажоритарлық-пропорционалдық жүйе негізінде өтуде. Депутаттардың 75-і тікелей мажоритарлық жүйе бойынша, яғни сайлаушылар өздеріне ұнаған кандидаттарға дауыс беріп, қалған 75-і пропорционалдық жүйе бойынша саяси партияларға берілген дауыстар негізінде сайланады.
Сайлау заңнамасы озық демократиялық стандарттарға сәйкес түбегейлі жетілдірілді. Сонымен қатар, сайлау органдарының Орталық сайлау комиссиясы басшылығындағы жаңа жүйесі енгізілді. Қоғамдық өмірде әйелдердің рөлін арттыру мақсатында саяси партиялар тарапынан депутаттыққа кандидаттар ұсынғанда әйелдердің үлесі кемінде 40 пайыз болуы белгіленді.
Биылғы жылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – процесс қатысушыларының өзара қарым-қатынастары толығымен цифрландырылған түрде «E-Saylov» ақпарат жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Бұл ақпарат жүйесі сайлаулардың ашықтығын жоғары деңгейге көтерді.
Өзбекстандағы сайлау жоғары демократиялық принциптер негізінде, ашық түрде өтуде. Азаматтар жүзеге асырылып жатқан демократиялық реформаларға ықылас білдіріп, сайлауларда белсенді қатысуда.
Мемлекет басшысы 59-сайлау учаскесіне келген азаматтармен сұхбаттасты. Шетелдік бақылаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен де әңгімелесті. Олар сайлаудың ашық, жоғары деңгейде өтіп жатқанын, халықтың әлеуметтік-саяси белсенділігінің артқанын атап өтті.
Зейнеткерлер елімізге бейбітшілік пен берекет, Мемлекет басшысына денсаулық пен амандық тілеп дұға етті.
Барлық сайлау учаскелерінде сайлаушылар үшін заңнамамызда белгіленген жағдайлар жасалған. Жергілікті жерде 5 мың 770 округ және 11 мың 28 сайлау учаскесі, оның ішінде 40 шетел мемлекетінде 57 сайлау учаскесі ұйымдастырылған.
Сайлау процесін бақылауда ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, сондай-ақ ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының толыққанды миссиясы құрамында 850-ден астам шетелдік және халықаралық бақылаушы қатысуда.
Мемлекет басшысы сайлау учаскесіне келген азаматтармен сөйлесіп, өз елінің және тұрып жатқан өңірінің тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, сайлауда белсенді қатысқан азаматтарға алғысын білдірді.