Кейінгі жылдары денсаулық сақтау саласына 230 триллион сум көлемінде қаржы бағытталды. Соның нәтижесінде өңірлерде 187 жаңа емхана мен аурухана пайдалануға беріліп, 1244 мекеме қайта жөнделіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды.
Нәтижесінде алғашқы медициналық көмек мекемелерінің қуаты 60 пайызға артты, ал медициналық қызмет халыққа бұрынғыдан әлдеқайда жақындай түсті. Бұрын негізінен астанада ғана орындалатын 400-ден астам жоғары технологиялық және диагностика-емдеу әдістері бүгінде өңірлерде жүзеге асырылып жатыр. Күрделі операциялардың жүздеген түрі облыс орталықтарына, ал аз инвазивті операциялар аудан деңгейіне дейін енгізілді.
Алғаш рет 45 ауданында бүйрек ауыстыру отасы жолға қойылды.
Медицинадағы бұл өзгерістердің әсерін миллиондаған азаматтар күнделікті өмірінде сезінуде, халықаралық ұйымдар тарапынан да жоғары бағаланып келеді.
Соңғы жылдары республика медицинасына озық технологиялар енгізіліп, олар оқу үдерістерінде де кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, үш жоғары оқу орнының негізінде Ташкент мемлекеттік медицина университеті құрылды. Бұдан бөлек, Үргеніш мемлекеттік медицина институтының қызметі жолға қойылды. Сегіз медициналық жоғары оқу орны халықаралық аккредитациядан өтті. Соның арқасында заманауи білім мен дағдыларға ие мамандар даярлау мүмкіндігі кеңейді.
Ташкент мемлекеттік медицина университетінде инфрақұрылымның жақсаруы нәтижесінде студенттер саны 29864-ға жетті. Оқу үдерістері ең заманауи талаптар деңгейіне көтеріліп, цифрландыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде де ақпарат берілді. Ел аумағындағы мемлекеттік медицина мекемелері заманауи ақпараттық-коммуникациялық құралдармен қамтамасыз етіліп, бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптастырылды.
2024–2025 жылдары 3 мыңнан астам медицина мекемесі жергілікті желімен қамтамасыз етілді. Мыңдаған жаңа компьютерлер сатып алынып, техникалық база жаңартылды.
Мемлекет басшысына DMED бірыңғай электрондық ақпарат жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл жүйе арқылы 36 миллионнан астам азаматтың медициналық деректері бірыңғай базаға жинақталды. Жедел жәрдем қызметінде электрондық басқару жүйесі енгізіліп, шақыртуға жету уақыты бұрынғы 25–30 минуттың орнына 10–15 минутқа дейін қысқарды. Жақын арада «Online-дәрігер» қызметі іске қосылып, халыққа қашықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі жасалады.
Сондай-ақ, «Электрондық рецепт» жүйесінің іске қосылуы нәтижесінде артық дәрі жазу жағдайлары 40 пайызға азайды, дәрі-дәрмек айналымы айқын және ашық бола түсті. Барлық медициналық деректер биометрикалық қорғаныс аясында сақталып, жеке мәліметтердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.
– Заманауи медициналық мекемелер салып, салаға жасанды интеллект енгізіп, ең озық құрал-жабдықтарды әкеліп жатырмыз. Ең бастысы бұл өзгерістер ең төменгі буынға дейін жетуі керек. Әрбір медицина қызметкерінің біліктілігін арттыруға, заманауи білім мен тәжірибе алуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Сонда ғана еңбегіміздің нәтижесін көреміз, – деді Президент.
Сондай-ақ, «Цифрлық денсаулық сақтау орталығының» қызметі туралы да ақпарат берілді. Бұл орталықта барлық медициналық мекемелердің жұмысы нақты уақыт режимінде бақыланып, созылмалы аурулар мен халық денсаулығының көрсеткіштері талданады.
Президентіміз денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру науқастар үшін қолайлылық, дәрігерлер үшін тиімділік, ал мемлекет үшін ашықтық пен үнемділік кепілі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Сапар барысында университеттегі заманауи білім беру ортасы және жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін оқу зертханаларымен танысты. Реанимация, отбасылық емхана, шұғыл көмек, ота, педиатрия, акушерлік және терапия бағыттары бойынша симуляциялық бөлмелерде студенттер тәжірибе арқылы білімдері мен дағдыларын жетілдіруде. Осы мақсатта жасалған жағдайлар мен алдағы жоспарлар туралы да егжей-тегжейлі мәлімет берілді.
Президент Шавкат Мирзиёев медицина қызметін халыққа барынша жақындату, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және бұл үдерісте озық әдістер мен технологияларды кеңінен қолдану жөнінде жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.












