Өзбекстан мен Түркия Президенттері Самарқандта кездесу өткізді

    Билік 16 Sentabr 2022 5435

    16 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев ШЫҰ Самарқанд саммиті аясында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.

    Режеп Тайып Ердоған Өзбекстан басшысын ШЫҰ саммитінің сәтті аяқталуымен құттықтап, құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.

    Кездесуде Мемлекет басшылары өзара сыйластық, достық және сенімге негізделген көп қырлы Өзбекстан-Түркия ынтымақтастығын жандандыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

    Жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген өзара қарым-қатынастар аясында саяси-дипломатиялық, парламентаралық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі тереңдету маңыздылығы атап өтілді.

    Тараптар осы жылдың 29-30 наурызында Ташкентте өткен жоғары деңгейдегі кездесулерде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында өзара диалогтар айтарлықтай жанданғанын сөз етті.

    Екі ел арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өскені байқалуда. Атап айтқанда, өткен жылы тауар алмасу 60 пайыздан астам өсті.

    Бірлескен кәсіпорындардың саны 2 мыңнан асты. Биылғы жылдың ішінде ғана жарты миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция игерілді.

    Түрік компаниялары Өзбекстандағы мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру процесіне қатысуға үлкен қызығушылық танытып отыр.

    Ауыл шаруашылығы, көлік, электротехника, тоқыма және былғары өнеркәсібі, инновациялар, жоғары технологиялар, туризм және мәдениет салаларында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісілді.

    Перспективалы бағыт ретінде энергетика саласы атап өтілді. Кейінгі жылдары тараптар 1 миллиард долларға жуық жобаларды жүзеге асыруда.

    Кездесуде алдағы іс-шаралар, соның ішінде Самарқандта өтуі жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінің жоспары талқыланды.

    Өзбекстан мен Түркия Президенттерінің кездесуі әдеттегідей шынайы, ашық және достық рухта өтті.