Өзбекстан Президенті ресми сапармен Италияға барады

    Билік 7 Iyun 2023 4718

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелланың шақыруымен 7-9 маусым күндері осы елге ресми сапармен барады.

    Жоғары деңгейдегі кездесулер Рим қаласында өтеді. Мемлекет басшысы Италия Президенті Серджо Маттарелла және Премьер-Министр Джорджия Мелонимен келіссөздер жүргізеді.

    Өзбекстан мен Италия арасындағы көпжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері және басым бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастық қарастырылады. Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасылады.

    Сонымен қатар, Өзбекстан басшысы штаб-пәтері Италия астанасында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюймен кездесу өткізеді. Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың маңызды аспектілерін талқылау жоспарланған.

    Сапардың іскерлік бағдарламасы Миланда өтеді – Өзбекстан Президенті Ломбардия провинциясының губернаторын қабылдап, Италияның жетекші компаниялары мен ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізеді.