Өзбекстан Президенті ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысын қабылдады

    Билік 20 Aprel 2023 6046

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің 20 сәуірде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының басшысы Альберт Йонссонмен кездесуі барысында Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумға дайындық көру және өткізу мәселелері талқыланды.

    Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-мен жемісті қарым-қатынастар, ашық және сындарлы диалог орнатылғанын атап өтті.

    Өткен жылы Өзбекстанға ЕҚЫҰ төрағасы, Польша Сыртқы істер министрі Збигнев Рау, Ұйымның бас хатшысы Хельга Шмид, аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Абдурахманов келген болатын.

    Бюро сарапшылары Өзбекстанның ұлттық сайлау жүйесін жаңғыртуда, соның ішінде Сайлау кодексін әзірлеуге қатысқан.

    ДИАҚБ-ның 2016, 2019 және 2021 жылдарда Өзбекстанда өткен жалпыұлттық сайлаудағы кең көлемді миссияларының қорытындысында айтылған ұсыныстар назарға алынып, жүзеге асырылды.

    Кездесу барысында референдумды жоғары халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырудың түрлі аспектілері бойынша пікір алмасылды.

    Миссия басшысы Альберт Йонссон Өзбекстанның жаңартылған Конституциясында көрініс тапқан Жаңа Өзбекстандағы демократиялық реформаларды одан әрі тереңдету үдерісін қолдайтынын білдірді.