Мемлекет басшысы жастар және студенттер форумына қатысты

    Билік 30 Iyun 2021 9360

    30 маусымда Президент Шавкат Мирзияев Өзбекстан жастары мен студенттерінің форумына қатысты.

    Форум Ташкенттегі Ботаника саябағында өтіп, онда жастардың ғылым, техника, әдебиет және өнер саласындағы жетістіктерін көрсететін көрмелер ұйымдастырылды.

    Мемлекет басшысы осы көрмелерді аралап, жастардың өнертабыстарын, шеберліктері мен көркемдік қойылымдарын тамашалады. Олармен сөйлесіп, оқуларына және зерттеулеріне сәттілік тіледі.

    Президентіміздің жастар саясатында екі маңызды бағыт бар: біріншісі - оларға заманауи білім беру, екіншісі - жастардың жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл мақсат реформа, бастама және соңғы жылдардағы жаңа жүйенің негізінде құралған.

    Өскелең ұрпақтың білімге деген құштарлығының арқасында жоғары оқу орындарының саны 127-ге дейін көбейтіліп, 26 шетелдік университеттің филиалдары ашылды. Соңғы 5 жылда жоғары оқу орнына түсу квотасы үш есеге көбейіп, биыл 182 мыңға жетті. Бұл жалпы қамту 28 пайызды құрайды деген сөз. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 9 пайызды құраған.

    Осы жылы тағы бір жоғары оқу орны – «Жаңа Өзбекстан» университеті ашылып, оған жаңа оқу жылында 300 жас қабылданады.

    Тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде өткен сегіз айда «жастар кітабына» енген 430 мың жастың мәселелерін шешуге 300 миллиард сум бөлінді. Атап айтқанда, «темір дәптерде» бар отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам студенттің оқу ақысы төлеп берілді.

    Сонымен қатар, биылғы жылы 92 мыңнан астам ұл мен қыздың кәсіпкерлік жобаларына 2,3 триллион сум жеңілдетілген несие бөлінді. Өңірлерде ұйымдастырылған 186 жастар индустриалды-іскери аймақтарында 3 мың жоба аясында 50 мың жаңа жұмыс орны құрылды.