Аталған байқау Бағдарламалық өнімдер және ақпараттық технологиялар технопаркі дирекциясы тарапынан Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрлігі қолдауымен 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды.
Байқауда жасанды интеллект, әлеуметтік технологиялар, MicroSaaS және AdTech, қаржылық технологиялар мен кәсіпкерлік, ойын бағдарламалары және арнайы бағыт – хакатон бойынша үздік жобалар іріктеледі.
Алғаш ұйымдастырылған жылы конкурсқа төрт мыңнан астам қатысушы тіркелсе, 2025 жылға қарай олардың саны алты мыңға жуықтады. Командалар саны 444-тен 862-ге дейін артты.
Мемлекет басшысына жеңімпаздар өз стартап жобаларының мазмұны, артықшылықтары және практикалық тиімділігі туралы баяндап берді.
– Біз шағын стартаптардың ірі жобаларға, табысты бизнеске айналуы үшін қажетті жағдай жасауға дайынбыз. Ол үшін әрбір стартапшымен жұмыс істеп, қажетті қолдау көрсету керек, – деді Президент.
Жастардың қызығушылығын қолдау арқылы болашақ мамандықтарына негіз қаланып жатқаны, сондай-ақ әлем елдері де жас стартапшылардың жобаларына ерекше қызығушылық танытып отырғаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы стартаптарды қолдауға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылатынын айтып, жастарға жаңа көзқарас пен тың идеялар арқылы қай салалар мен бағыттарда ізденіс жүргізу керектігі жөнінде ұсыныстар берді.