Таныстырылымда атап өтілгендей, жол-патруль, патруль-пост және күзет қызметі қызметкерлерінің қызмет бағыты мен жұмыс аумағына қарамастан, халықтың өтініштеріне жедел ден қоюы аса маңызды. Қылмыстың алдын алуда құқықбұзушылыққа алып келетін себептер мен қауіп факторларын ерте анықтау, оларды жою, сондай-ақ тәуекел тобына жататын азаматтармен нысаналы жұмыс жүргізу ең тиімді профилактикалық шаралардың бірі болып саналады.
Сонымен қатар, қылмыстылық деңгейін бағалауда сандық көрсеткіштерді өзара салыстыру тәжірибесінен әлі де толық бас тартылмағаны айтылды. Осыған байланысты криминоге ахуалды бағалау кезінде тек статистикалық мәліметтерге ғана сүйенбей, ең алдымен халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі, құқықбұзушылықтардың қайталану деңгейі және тәуекел тобына жататын тұлғалармен жүргізілген жұмыстың нәтижелілігі негізгі өлшемге айналуы керектігі атап өтілді.
Таныстырылым барысында қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелерінің қызмет тиімділігін бағалау өлшемдерін «халыққа қызмет көрсететін жүйе» қағидаты негізінде қалыптастыру ұсынылды. Одан көзделген басты мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға халықтың қанағаттануы мен сенімін арттыру.
Ол үшін жол-патруль, патруль-пост және күзет қызметтерінің жұмысын өзара үйлестіру, олардың азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуін қамтамасыз ету, тұрғындармен ашық диалог орнату және тәуекел тобына жататын адамдармен жүргізілетін нысаналы жұмысты бірыңғай жүйеге біріктіру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бірқатар функциялар мен өкілеттіктерді патруль-пост және күзет қызметтеріне беру, ал қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы кейбір өкілеттіктерді жол-патруль қызметіне жүктеу жоспарлануда.
Бүгінде еліміздегі 9 мыңға жуық махаллада 10 мыңнан астам профилактика инспекторы қызмет атқарады. Мемлекет басшысы бұл қомақты күш екенін атап өтіп, қылмыспен күресте ең алдымен профилактика инспекторларының жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет екенін айтты.
Қазіргі таңда профилактика инспекторларына негізгі міндетіне жатпайтын 50-ге жуық қосымша функция жүктелгені, соның салдарынан кейбір жағдайларда олардың махаллаларды аралап, қылмыстың алдын алу және тұрғындардың мәселелерін шешудің орнына өзге жұмыстарға тартылып жүргені айтылды.
Осыған байланысты әзірленген «Ішкі істер органдарының профилактика инспекторының мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды. Құжатта профилактика инспекторының құқықтық мәртебесі, міндеттері, құқықтары, қызметтік міндеттемелері, кәсіби қызметінің кепілдіктері, әлеуметтік-құқықтық қорғалуы, көтермелеу және жауапкершілік шаралары нақты айқындалған.
Заң жобасына сәйкес, профилактика инспекторының басты мақсаты – халықтың жоғары сеніміне ие болу және өзі қызмет ететін аумақтағы қылмыстың алдын алу. Сондай-ақ ол өз қызметтік аумағында тергеуге дейінгі тексеру жүргізуге және профилактикалық шараларды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлға болып есептеледі.
Профилактика инспекторына тек заңда көзделген міндеттер ғана жүктеледі. Оның құқықтары, ар-намысы, қадір-қасиеті және іскерлік беделі мемлекет қорғауында болады. Арнайы «Кәсіби борышқа адалдық антын» қабылдаған сәттен бастап азаматқа профилактика инспекторы мәртебесі беріледі.
Заң жобасына сәйкес, профилактика инспекторының кәсіби қызметіне араласуға, оған қызметтік міндетіне қатысы жоқ тапсырмалар мен негізсіз жүктемелер беруге тыйым салынады. Сонымен қатар мемлекеттік органдар профилактика инспекторының сауалына 10 күн ішінде жазбаша жауап беруге, ал оның ұсынған ұсыныстарын дереу қарап, бір ай ішінде жазбаша түрде жауап жолдауға міндетті болады.
Профилактика инспекторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін тегін пайдалану құқығы беріледі. Сондай-ақ ол құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының түрін дербес таңдауға, міндетті профилактикалық нұсқамалар беруге, ұсыныстар енгізіп, олардың орындалуын талап етуге, өз профилактикалық жұмыс әдістерін әзірлеуге және өз құзыреті шегінде тиісті құжаттарды ресімдеуге өкілетті болады.
Сонымен қатар профилактика инспекторына ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби мәдениеті мен қызметтік тәртіп кодексінің талаптарын қатаң сақтау, азаматтардың құқықбұзушылықтар туралы кез келген нысандағы өтініштерін қабылдап, оларға жедел әрекет ету, құқықбұзушылық жасалған жерге дереу барып, мән-жайды тексеру, сондай-ақ зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық немесе өзге де қажетті көмекті көрсету міндеттері жүктеледі.
Заң жобасында профилактика инспекторларының әлеуметтік-құқықтық қорғалуы да күшейтіледі. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға оларды қызметтік кабинетпен және тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Сондай-ақ олардың қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу және ұзақ жылдар қызмет атқарған қызметкерлерге зейнетақымен қамсыздандыру бойынша қосымша кепілдіктер қарастыру көзделген.
Бұдан бөлек, профилактика инспекторларының өкілеттіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, кейбір әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік жаза қолдану құқығы кеңейтіліп, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 18 бабы бойынша әкімшілік ескерту жасау мүмкіндігі беріледі.
Профилактика инспекторының халық алдындағы жауапкершілігі де күшейтіледі. Ол қызмет көрсететін аумақта қауіпсіз ортаны қалыптастыру жөнінде әр тоқсан сайын есеп беріп отырады. Егер тұрғындардың 50 пайыздан астамы оның қызметіне сенімсіздік білдірсе, инспектор аттестаттаудан өткізіліп, атқарып отырған лауазымына сәйкестігі қайта қаралады.
Таныстырылым барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заманауи талаптарға сай, отансүйгіш әрі жан-жақты кәсіби даярлығы жоғары кадрлар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өйткені махалла мен аудан деңгейінде қызмет атқаратын мамандар кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын білімге, біліктілікке және практикалық дағдыға ие болуы тиіс.
Осы мақсатта Қоғамдық қауіпсіздік университетін трансформациялау, күндізгі оқу бөліміндегі қабылдау квотасын 600 адамға дейін, ал қашықтан оқыту квотасын 300 адамға дейін ұлғайту ұсынылды.
Университетте құқықбұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және күзет қызметі бағыттары бойынша мамандар даярланады. Сонымен қатар «Құқықбұзушылықтардың алдын алу қызметі» атты жаңа білім беру бағыты мен кафедрасы ашылып, қыз-келіншектер, жастар мен кәмелетке толмағандар ісі, сондай-ақ базар және сауда кешендері бойынша маманданған профилактика инспекторлары даярланатын болады.
Оқу бағдарламасына қауіп-қатерді талдау, геоақпараттық жүйелер, дрондар мен робот техникасы, профайлинг, конфликтология, проблемалық социология, ашық дереккөздер негізіндегі цифрлық талдау және отбасылық медиация сияқты заманауи инновациялық пәндерді енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ішкі істер органдары үшін кадр даярлаудың бірыңғай білім беру кластері қалыптастырылады. Оның аясында жалпы орта білім беру жүйесінен бастап ведомстволық мамандандырылған мектеп-интернаттар, академиялық лицейлер, ішкі істер техникумдары, Ішкі істер министрлігінің академиясы мен біліктілікті арттыру институттарына дейінгі үздіксіз білім беру жүйесі жолға қойылады.
Кәсіптік білім беру жүйесін енгізу аясында Наманган және Самарқанд техникумдарында орта арнаулы білімі бар офицерлер мен сержанттар даярланады. Оқу барысында құқықтық және техникалық білімге, дене дайындығына, жауынгерлік әзірлікке, цифрлық технологияларға, кәсіби машықтарға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге, дрондар мен IT-платформалармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады. Теория мен тәжірибе дуалды оқыту жүйесі арқылы ұштастырылады.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің академиясын да жаңғырту ұсынылды. Академияның қызметі «білім беру – ғылыми зерттеу – тәжірибе» қағидаты негізінде қайта ұйымдастырылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жедел-іздестіру қызметі, киберқылмысқа қарсы күрес, сот-сараптама криминалистикасы және әлеуметтік оңалту бағыттары бойынша мамандандырылған мектептер құрылады.
Жаңа дуалды білім беру моделі негізінде курсанттар «оқу – тәжірибе – қызмет» қағидаты бойынша даярланады. Бірінші курста теориялық білімге, дене және жауынгерлік даярлыққа, сондай-ақ таныстыру тәжірибесіне басымдық беріледі. Екінші курста ситуациялық-имитациялық жаттығулар мен салалық қызметтердегі тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылады. Үшінші курста психологиялық тұрақтылықты қалыптастыруға, дағдарыс жағдайларында шешім қабылдау дағдыларын дамытуға және тағылымдамашы қызметкер ретінде практикалық қызмет атқаруға ерекше көңіл бөлінеді.
Басшылық құрамды даярлау жүйесі де қайта қаралады. Басқару мектебінде бірінші және екінші деңгейдегі басқарушылық магистратура, салалық мамандандыру және ғылыми-педагогикалық магистратура бағдарламалары іске қосылып, басшы кадрларды бағалау және олардың біліктілігін арттыру кеңсесі құрылады.
Мемлекет басшысы ұсынылған бастамаларды қолдап, профилактика инспекторларын артық міндеттерден босату, олардың құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуын күшейту, қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру және кадрлар даярлау ісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.