Катар елімен парламентаралық ынтымақтастық дамытылады

    Біріккен Ұлттар Ұйымының төмен дамыған елдер бойынша жоғары дәрежедегі 5- конференциясына қатысу үшін Катарда іссапармен жүрген Олий Мажлис Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева осы елдің Шура Кеңесінің (Кеңесу кеңесі) төрағасы Хасан бин Абдулла ал-Ғаниммен кездесті.

    Кездесуде Өзбекстан-Катар қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму болашағы, соның ішінде парламентаралық байланыстарды нығайту және тараптардың халықаралық құрылымдары аясындағы ынтымақтастығы талқыланды.

    Сұхбат барысында дәл қазір парламенттер арасындағы өзара қарым-қатынастар екі елдің әлеуетіне сай келмейтіні, оны нығайтудың әлі де пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктері бар екеніне тоқталды. Осыған байланысты жиын барысында бірқатар ұсыныстар айтылды.

    Делегациялар алмасу арқылы парламенттер, комитеттер мен достық топтары басшылары деңгейінде диалогты жандандыру, парламентаралық құрылымдар аясында өзара қолдап-қуаттау мен ынтымақтастықты нығайту, іс-әрекеттерді үйлестіру және біріккен бастамаларды ілгерілету осылар қатарында.

    Сондай-ақ түрлі салалардағы ынтымақтастықты көздейтін екіжақты құжаттарды ратификациялауды жеделдету бойынша диалогтардың дәйектілігін қамтамасыз ету және олардың бірлескен мониторингін жүргізу мәселесіне де ерекше назар аударылды.

    — Біз Катар парламентімен өзара ынтымақтастықты дамыту басты бағыттардың бірі деп санаймыз. Парламентаралық диалогымызды жандандыруда «достық топтары» маңызды рөл атқарады. Катар Мәслахат Кеңесінде 2022 жылдың март айында «Катар-Өзбекстан» парламентаралық достық тобының құрылғанын ризалықпен қабылдадық. Достық тобы арасында тұрақты диалог орнатуды жақтаймыз, – деді Сенат Төрайымы.

    Өз кезегінде, Хасан бин Абдулла ал-Ғаним Өзбекстанның тарихи ислам өркениетіне өте зор үлес қосқан ұлы ғұламалар елі екенін ерекше мойындап, Катар үшін Өзбекстанмен өзара мүдделі жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл жөнінде екі елдің ортақ іс-әрекеттерін бірлестіруде парламентаралық байланыстарды жаңа деңгейде нығайтуға дайын екенін білдірді, деп хабарлайды Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының баспасөз қызметі.

    Сындарлы және іс жүзінде өткен диалог кезінде Өзбекстан-Катар ынтымақтастығының басқа да бағыттары, сонымен қатар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникация және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту мәселелері де талқыланды. Катар тарапы елдеріміз арасындағы зиярат туризмін дамыту бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Ақпарат үшін айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы сауда айналымы 4,8 миллион долларды құрады.

    No date selected
    May 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates