Мемлекет басшысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөнінде таныстырылымға қатысты

    Билік 23 May 2023 5511

    Президент Шавкат Мирзиёев әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелерде жаңартылатын энергия көздерін енгізудің жай-күйі туралы таныстырылымға қатысты.

    Мемлекет басшысының биылғы 16 ақпандағы шешімімен осы бағыттағы жұмыстарды жеделдету бағдарламасы қабылданған еді. Осыған байланысты, биыл әлеуметтік сала мен мемлекеттік мекемелерге 220 мегаватт күн батареяларын орнату жоспарланған.

    Жиында шенеуніктер осы бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы туралы ақпарат берді.

    Айта кетейік, бүгінде 107 мегаватт күн батареялары орнатылған. Ірі мемлекеттік компанияларда жұмыс жақсы жүруде. Бірақ әлеуметтік институттардағы нәтиже әлі де жеткіліксіз.

    Мысалы, жоғары оқу орындарының 36 пайызы, мектептердің 33 пайызы, медициналық мекемелердің 28 пайызы панельдер орнатқан. Өңірлерді есепке алғанда бұл көрсеткіш республикада 50 пайызға жуықтады. Дегенмен, Ташкент қаласында жаңартылатын энергия көздерін орнату деңгейі жоспармен салыстырғанда 26 пайызды құрап отыр.

    Мемлекет басшысы бұл тұрғыда әлі де көп мүмкіндіктер бар екеніне тоқталып, жұмысты жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.

    Биыл қуаттылығы 2 мың мегаватт күн және жел электр станцияларын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, жақында Өзбекстан Президентінің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында жалпы қуаты 4,8 гигаватт болатын 4,4 миллиард долларды құрайтын 11 күн және жел станциясын салу туралы келісімге қол жеткізілді.

    Бүгінгі жиында осы келісімдерді жүзеге асыруды ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.