Мемлекет басшысы жаңартылатын энергия көздерін кеңейту бойынша жиын өткізді

    Билік 27 Fevral 2023 5604

    27 ақпанда Президент Шавкат Мирзияев жаңартылатын энергия көздерін кеңейту шаралары туралы кеңес өткізді.

    Кейінгі жылдары энергетика бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналды. Сондықтан әлеуетті елдер балама жолдарды іздеуде. Бүгінде әлемдік энергетикадағы «жасыл энергияның» үлесі 30 пайызға дерлік жетіп, кейбір Еуропа елдерінде 80-90 пайыздан асты.

    Өзбекстанда да бұл мәселеде белсенді жұмыс атқарылуда. Соңғы үш жылда энергетика саласына 8 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды. Атап айтқанда, Науаи және Самарқанд облыстарында күн электр станциялары іске қосылды. Биыл осындай 18 станция салынуда. Бұл арқылы үйлерге берілетін электр энергиясы 50 пайызға артады.

    Жалпы, энергетика мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында және бақылауында. Өңірлерді аралау барысында бұл бағыттағы көптеген жобалар, нақты міндеттер айқындалуда.

    Өзбекстан Президентінің биылғы 16 ақпандағы шешімімен жаңартылатын энергия көздерін енгізуді жеделдету бойынша ірі бағдарлама қабылданды. Атап айтқанда, «Жасыл энергия» компаниясы құрылып, оған алғашқы 10 миллион доллар бөлінді.

    Осы бағдарлама бойынша биыл кәсіпкерлердің, әлеуметтік саланың және тұрғындардың үйлеріне 1700 мегаватт күн батареяларын орнату жоспарлануда.

    Жиында шенеуніктер осы бағыттағы жұмыстардың ұйымдастырушылық және қаржылық жағы туралы ақпарат берді.

    Атап айтқанда, бюджеттік сала нысандары мен мемлекеттік мекемелерге 220 мегаватт, кәсіпкерлер 1300 мегаватт, жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің шатырына 15 мегаваттық күн батареялары орнатылатыны айтылды. Осыған байланысты Әндіжан, Қашқадария, Сұрхандария, Ферғана, Науаи және Самарқандта жұмыстар басталған.

    Мемлекет басшысы жергілікті жерлерде жұмысты дұрыс ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді.