«Кедейліктен өркендеуге» бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету және оларды кәсіпкерлікке тарту бағытындағы реформалар нәтижесінде кедейлік деңгейі 2021 жылғы 17 пайыздан 6,8 пайызға, ал мұқтаж отбасы ретінде жәрдемақы алушылар саны 14 пайыздан 6,1 пайызға дейін азайды.
Сонымен қатар халықтың өмірлік қиын жағдайларда табыссыз қалуы мен кедейлікке түсуінің алдын алу мәселелері мемлекетіміздің тұрақты назарында тұр.
Таныстырылымда осы бағыттағы өзекті мәселелер көрсетілді.
Атап айтқанда, жеке секторда жұмыс істейтін азаматтардың барлығына да жүктілік, уақытша еңбекке жарамсыздық және жұмыстан босау бойынша жәрдемақылар төленбей келеді. Бұл жағдай төлемдердің кей жағдайда өнімнің өзіндік құнының артуына және бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуіне әкеліп соғуда. Сондай-ақ, жұмыс берушілер жәрдемақы төлеуді артық жүктеме деп есептейді, ал бюджет есебінен төленетін босану жәрдемақысының аздығы кәсіпкерлер үшін бұл жүйенің тиімсіз екенін көрсетіп отыр.
Бұдан бөлек, Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» және «Ана болуды қорғау туралы» конвенцияларына сәйкес, босану және сырқаттану бойынша жәрдемақылар әлеуметтік сақтандыру тетіктері арқылы төленуі тиіс екені белгіленген.
Таныстырылымда халықты әлеуметтік жәрдемақылармен қамтуды арттыру және ұлттық әлеуметтік сақтандыру жүйесін халықаралық құжаттармен үйлестіру мақсатында әзірленген ұсыныстар қаралды.
Ресми жұмыспен қамтылған барлық азаматтарға жәрдемақылар кезең-кезеңімен Әлеуметтік қорғау қоры арқылы төленетін болады. 2026 жылдан бастап әйелдерге жүктілік бойынша жәрдемақы, ал 2026 жылдың екінші жартысынан уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақылар төлене бастайды.
Жаңа жүйенің басты мақсаты әйелдер мен жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейту, сонымен бірге ресми еңбек қатынастарын ынталандыру екені атап өтілді.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, әлеуметтік сақтандыру саласын цифрландыру, жүйенің ашық жұмыс істеуін, жәрдемақылардың проактивті түрде тағайындалып, төленіп отыруын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.









