Кейінгі сегіз жылда ел халқы 6 миллион адамға көбейді. Соған сәйкес жаңа тұрғын үйлер, жолдар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу көлемі де жылдан жылға ұлғайып келеді. Аталған кезеңде жалпы 210 миллион шаршы метр тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік пайдалануға берілді. Халық үшін 565 мыңнан астам жаңа үй салынды, бұл – алдыңғы жылдарға қарағанда 10 есе көп көрсеткіш.

Құрылыс материалдары өнеркәсібі де айтарлықтай ілгеріледі. Сала көлемі сегіз жылда 4 есеге өсіп, биыл 53 триллион сумға жетеді деп болжануда. Экспорт мөлшері 1,1 миллиард долларға дейін ұлғаюы күтілуде.

Ең маңыздысы аталған сала бұрын өнеркәсібі дамымаған Сұрхандария, Сырдария, Хорезм және Жызақ облыстарының бірқатар аудандарында жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін қалыптастыратын қуатты «локомотивке» айналды.

Сонымен бірге салада өнім сапасы, стандарттарды сақтау, логистика және жаңа нарықтарға шығу сияқты мәселелер әлі де толық шешімін таппағаны атап өтілді.

Мысалы, елде ПВХ құбырлары, фитингтер, әрлеу тастары мен құрылыс шынысын өндіретін ірі кәсіпорындар болғанына қарамастан, 2024 жылы осы өнімдердің едәуір бөлігі импорт арқылы кіргізілгені айтылды.

Таныстырылымда алдағы басты жоспарлар да ұсынылды.

Атап айтқанда, салада жалпы құны 2,4 миллиард доллар болатын 112 жобаны жүзеге асыру және соның негізінде 13,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар 110 миллион долларлық 5 ірі жобаны іске асыру көзделген. Алдағы жылдары жобалар портфелін 3,5 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысы әрбір жоба облыстар мен аудандардың мүмкіндіктеріне, шикізат қоры мен логистикалық әлеуетіне сай әзірленуі қажеттігін атап өтті.

Көршілес елдерде 4 миллиард доллардан астам көлемдегі құрылыс материалдары нарығы бар. Бұдан бөлек, 26 мемлекетке 9 түрлі өнім экспортын күрт арттыруға мүмкіндік бар.

Жауапты басшыларға өңірлер мен салалардың экспорттық әлеуетін толық іске қосып, сыртқы нарықтарға шығу қарқынын күшейту, экспортқа бағытталған өнім түрлерін көбейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Таныстырылымда каолин қорларын тиімді пайдалану мәселесі де талқыланды. Елде 1 миллиард тоннадан астам каолин қоры бар болғанымен, жыл сайын фарфор өнімдері шетелден қомақты көлемде импортталатыны атап өтілді. Сондықтан алдағы жылы каолинді терең қайта өңдеу бағытында құны 515 миллион доллар болатын 40 жобаны жүзеге асыру және 460 маман даярлау жоспарланған.

Салада энергия тиімділігін арттыруға да ерекше назар аударылды.

Бүгінгі күнге дейін 34 кәсіпорында энергия аудиті жүргізіліп, өнім өндірісіндегі отын шығынын азайтуға қол жеткізілді. Бұл жұмысты жүйелі жалғастырып, энергия үнемдейтін өнімдер түрін көбейту, құрылысқа арналған энергия тиімді әрі экологиялық материалдардың үлесін келесі жылы 25 пайызға, 2030 жылға қарай 35 пайызға жеткізу міндеті қойылды.


Өнім сапасы мен қауіпсіздігін арттыруда ғылымның рөлі айрықша екені, отандық ғалымдардың әлеуетін кеңірек қолдану қажеттігі баса айтылды.

Осы бағытта Ташкент химия-технология институтымен бірлесіп 4 ғылыми жоба жүзеге асырылуда, оған Германия, Корея және Түркиядан ғалымдар келіп атсалысуда. Ғылым мен тәжірибенің интеграциясын күшейту мақсатында келесі жылдан құрылыс материалдары саласындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін 30 миллиард сум бөлу жоспарланған.

Кәсіпорындарда цифрлық басқару мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу арқылы өнімнің өзіндік құнын 5–10 пайызға дейін төмендетуге болатыны айтылды. Мұндай жүйелерді енгізетін кәсіпорындар санын арттыру үшін екі жыл ішінде 100 миллиард сум қаржы қарастырылған.

Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үдерісінде құрылыс материалдары саласын халықаралық талаптарға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 125 халықаралық стандарт қабылданды, 2026 жылға қарай олардың санын 166-ға жеткізу қажеттігі атап өтілді.

Жиын соңында Мемлекет басшысы белгіленген жоспарларды уақтылы жүзеге асыру, жоғары сапалы әрі халықаралық стандарттарға сай өнім түрлерін көбейту және экспорт әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.