Мемлекет басшысы өнеркәсіпті дамыту бойынша жиын өткізді

    Билік 10 Yanvar 2023 5559

    Президент Шавкат Мирзияев төрағалығында 10 қаңтарда өнеркәсіпті дамыту және қосымша резервтерді анықтау мәселелеріне арналған бейне байланысты жиын өтті.

    Өнеркәсіп ел экономикасы мен халықты жұмыспен қамтуда өте маңызды рөл атқарады. Осы салаға қажетті жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары 19 еркін экономикалық аймақ пен 400-ден астам шағын индустриялық аймақ құрылып, олардың инфрақұрылымына 10 триллион сум бөлінді. Сондай-ақ тоқыма, химия, құрылыс материалдары, тері, фармацевтика, электротехника сынды салаларды «драйверге» айналдыру үшңн 3 миллиард доллар қаржы бөлінді. Өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында геологиялық барлау жұмыстары үш есеге артып, 600-ден астам жаңа кеніш анықталды.

    Соның нәтижесінде соңғы бес жылда өнеркәсіп кәсіпорындарының саны екі есеге өсіп, 100 мыңға жетіп, өндіріс көлемі 1,4 есеге артты.

    Бұл аталған аймақтардың дамуына оң әсерін тигізуде. Атап айтқанда, Жызақта бұрын болмаған құрылыс материалдары, автокөлік, тамақ өнеркәсібі сияқты жаңа салалар пайда болды. Құрылыс материалдарының 220 жобасы іске қосылып, бұл саланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі 20 пайыздан асты.

    Самарқанд, Сырдария, Наманган және басқа облыстарда металл өңдеу бойынша 19 ірі жоба жүзеге асырылды. Наманганда құрылған 54 жаңа шағын индустриялық аймақта 2022 жылы 3 триллион сумдық өнім өндірілді.

    Соңғы үш жылда химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 1,5 есеге, экспорт 2 есеге артты.

    Сонымен қатар, кейбір өңірлерде нәтиже әлеует деңгейінде емес. Атап айтқанда, 2022 жылы Науаи, Бұхара және Ташкент облыстарында өнеркәсіп өсімі күтілгендей болма,пн. Қарақалпақстан Республикасы, Жызақ, Қашқадария, Сұрхандария, Ферғана және Хорезмде жіп өңдеу деңгейі төмен деңгейде қалуда. Наманганда, Самарқанд, Науаида азық-түлік, былғары-аяқ киім және жиһаз өндірісінің әлеуеті жеткілікті түрде жолға қойылмаған.

    Сондықтан жиында өнеркәсіпті дамыту, салаға инвестицияны ұлғайту және резервтерді пайдалану шаралары талқыланды.

    Мемлекет басшысы салаға жаңа мүмкіндіктер мен қосымша қаржы ресурстары берілетінін баса айтты.

    Бірінші мүмкіндік – банктік ережелер қайта қаралып, коммерциялық банктердегі кәсіпорындарға несие беру үшін 55 триллион сум көлемінде қосымша ресурстар қарастырылады. Бұл бір ауданға орта есеппен 20 миллион доллар қосымша инвестиция көзі деген сөз.

    Екінші мүмкіндік, 2023 жылы индустриялық аймақтардың инфрақұрылымы мен ірі инвестициялық жобаларға 1,7 триллион сум бөлінеді. Сондай-ақ «Гидждувон» және «Қоқан» еркін экономикалық аймақтарының аумағы кеңейтілмек. Қарақалпақстан мен Қашқадарияда «Үргут» еркін экономикалық аймағының филиалдары құрылады.

    Үшінші мүмкіндік, 2023 жылдан бастап экономикасының дамуы артта қалған төртінші және бесінші санаттағы 60 ауданға 27 түрлі салық жеңілдіктері, субсидиялар мен преференциялар беріледі.

    Төртінші мүмкіндік – кілем, үй тоқымасы, былғары және зергерлік өнеркәсібіне ұсынылатын жеңілдіктер. Осыған орай, 2023 жылы тоқыма жобаларына қосымша 300 миллион доллар бөлінеді. Былғары-аяқ киім өнеркәсібіндегі импорттық шикізаттың 200-ден астам түріне кедендік жеңілдіктер үш жылға ұзартылады. Зергерлерге шикізатты жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі, сондай-ақ салық, кедендік және банктік жеңілдіктер беріледі.

    Мемлекет басшысы бұл мүмкіндіктерді тұрғындар мен кәсіпкерлерге жеткізіп, жергілікті жобаларды көбейту қажеттігін айтты.

    Өндіріс аймақтарда 1264 жоба іске қосылатыны айтылды. Сондай-ақ, Науаи облысындағы 6-шы гидрометаллургия зауыты мен Алмалықтағы 3-ші мыс байыту зауытын іске қосу, Әндіжандағы заманауи құю цехты және Шыршықта ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кластерін толық қуатқа жеткізу маңызды міндеттер қатарында.

    Жауапты азаматтарға өндірістік кооперацияны кеңейту, құны 6 миллиард долларды құрайтын жергіліктендіру жобаларын жүзеге асыру, өңірлік инвестициялық бағдарламаларға енгізілген 3 мыңға жуық жобаны мерзімінде іске қосу жөнінде тапсырмалар берілді.

    Жалпы, барлық деректер қорытындысынан биылғы жылы саланы 14 пайызға арттыруға мүмкіндік бар екені көрсетілді.

    Жиында қаралған мәселелер бойынша өндіріс саласының басшылары мен әкімдер өз жоспарлары мен ұсыныстарын жеткізді.

    No date selected
    April 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates