Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында IT Park Uzbekistan өкілеттігінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл Өзбекстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды қадам болды.
Ашылу салтанатында Өзбекстан Республикасының цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов сөз сөйледі.
– Өзбекстан мен Сауд Арабиясының инновациялық экожүйелері арасындағы екіжақты байланыстар қарқынмен дамып келеді. Бұл өңірдегі серіктестердің еліміздің қарқынды дамып келе жатқан технологиялық секторына деген қызығушылығын көрсетеді, – деді Шерзод Шерматов.
Министр мұндай бастамалар экономикалық ынтымақтастықты нығайта түсетінін айтты. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі, жергілікті мамандардың кәсіби өсуі мен дамуына мүмкіндіктер ашады.
Шара барысында қонақтар Өзбекстанның ІТ секторы мен бизнес ортасын қолдаудың негізгі бағдарламаларымен, соның ішінде дамып келе жатқан стартап-экожүйемен және оларды дамыту үшін жасалған жағдайлармен танысты.
IT Park-тің Сауд Арабиясындағы өкілеттігі екі елдің инновациялық экожүйелері арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды қолдап-қуаттайтын көпір болмақ.