Мемлекет басшысы сөзінің басында қонақтарды көріп тұрғанына қуанышты екенін айтып, оларға халқымыздың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. «Шығыс әуендері» фестивалі мән-маңызы жағынан бүгінгі таңда «әлем әуендері» форумына айналғанын атап өтті.
- Өткен жылдар ішінде Самарқандтың жұлдызды аспаны астында қаншама сиқырлы саз бен өмірге нәр беретін әуендер шырқалды. Ежелгі Шығыстың қойнауында туындаған музыкалық құндылықтар біздің фестиваль арқасында халықаралық деңгейде кеңінен танылып, қолдау тапты. Фестиваль көптеген шебер әншілер мен күйші-композиторларды, дарынды жастарды ашып, олардың қанатын қатайтты, шығармашылығына күш әрі шабыт сыйлады, - деді Шавкат Мирзиёев.
Соңғы жылдары Өзбекстанда мұндай іс-шаралар көбейді. Мақам, жыраулық, фольклор және би өнері, қолөнер фестивальдері сияқты халықаралық мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұлардың барлығы Өзбекстанның әлем халқын бейбітшілік пен татулыққа, бауырластық пен ынтымаққа шақыратын ізгі үндеуі екені атап өтілді.
- Бейбітшіліксіз әрі қауіпті мына заманда мәңгілік құндылықтарды, адамгершілік бейнесін сақтау барған сайын қиын болып барады. Осындай күрделі жағдайда киелі бастау көздерінен қуат алып, уақыт пен кеңістік шекарасын кесіп өтіп, гуманистік идеалдарды жырлайтын шынайы өнер, музыка және әдебиет құтқарушы күш болып алға шығуы қажет, - деді Өзбекстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту, музыкалық мұраны зерттеу және оны болашақ ұрпаққа жеткізу мәселелеріне назар аударды. Осы тұрғыдан алғанда, «Шығыс әуендері» фестивалінің тарихы мен музыка мәдениетіне қатысты ақпараттарды қамтитын арнайы энциклопедия және оның виртуалды нұсқасын жасау, фестивальдің халықаралық «Достар клубын» құру бастамасы ұсынылды. Сондай-ақ фестивальдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысатын әлем елдерінің беделді сахналарында концерттік бағдарламалар өткізу ұсынылды.
Салтанатты шараға ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да ұйымдардың құрметті қонақтары қатысты. Жалпы, биылғы фестивальге 80-ге жуық елден 400-ден астам өнерпаздар мен ғалымдар қатысуда.
Фестиваль аясында «Шығыс халықтарының музыка мәдениеті: жаһандану үдерісінде шығармашылық үйлесім қағидаттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да өтеді.












