8 мамырда Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласындағы «Chinobod Plaza» шипажайына барып, соғыс қатысушылардың хәлінен хабар алды. Анарбой ата Жалилов, Ашир ата Осаров, Антонина Коломенцева, Тулаган ата Имомов, Аббас ата Аппановпен шынайы сұхбат құрды.
– Сіздерді көріп, мерекемен құттықтауға келдім. Ең алдымен, бұл сіздердің мерекеңіз. Сол кездегі қайсарлығыңыздың арқасында кейінгі ұрпақ тату-тәтті, еркін өмір сүрді. Сіздің қажырлы еңбек пен жеңіске толы өмір жолыңыз бүгінгі жастар үшін нағыз үлгі мектебі, отаншылдық мектебі десек, шындықты айтқан боламыз. Сізбен бүкіл халық мақтанады, – деді Мемлекет басшысы.
Соғыс қатысушылары құрмет пен сүйіспеншілік аясында өмір сүріп жатқанын, денсаулықтары жақсы, өмірлеріне риза екенін айтты. Өздері тұратын ауданда, балалары мен немерелерінің өмірінде болып жатқан өзгерістер жайлы айтты.
-Міне жақында ғана жаңартылған Конституциямызды қабылдадық. Еліміздің дамуы мен халқымыздың тұрмысын жақсартуда үлкен жетістіктерге жеттік. Осындай өзгерістер кезінде жанымызда сіз сияқты тәжірибесі мол адамдардың болуы және сізден кеңес алу бізге шексіз қуат береді, - деді Мемлекет басшысы.
Ардагерлер ілтипат пен қамқорлық үшін Президентке алғыстарын айтып, игі тілектерін білдірді.
– Баталарыңызды алу, сіздермен бірге халқымыздың тыныштығын сұрау – үлкен бақыт. Өмірде талай сынақты көрген, ғасырға жуық өмірлік тәжірибесі бар сіздей ардақты жандардың дұғасы қабыл болады. Біз бұдан былай да ардагерлерімізге барлық жағдайды жасауға үлкен көңіл бөлетін боламыз. Бұл біз үшін қасиетті парыз және міндет, – деді Шавкат Мирзиёев.