Шарада «Нишат Групп», «Гетз Фарма», «Пирамид Ложистикс», «Эжаз Груп», «АКД Груп», «Вах Нобель Групп», «Нажиб Файбэр», «Сапфир Груп» сынды көптеген компаниялардың жетекшілері қатысты.

Бұл компаниялардың жалпы активтері 40 миллиард доллардан асады.

Мемлекет басшысы шетелдік сапарларында осындай кездесулерді өткізуге ерекше уақыт бөледі. Бұл Өзбекстанның ынтымақтасуға бейіл екенін көрсетеді және бизнесмендердің сенімін арттырады.

Жиында Өзбекстан экономиканың барлық салаларына нарықтық тетіктер енгізіліп, кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер жойылғаны айтылды. Даму стратегиясы негізінде шетелдік бизнестің қатысуын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде Өзбекстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда жүйелі қарым-қатынастар жолға қойылған. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 5 есеге өсті. Пандемияға қарсы шектеулерге қарамастан, жыл басынан бері бұл көрсеткіш тағы 70 пайызға өсті.

Сөз басында Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-Министрімен өткен келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

– Тарихи сапарымызда бірінші рет жеңілдікті сауда келісіміне қол қойдық. Біз көлік және транзит саласындағы ынтымақтастықты ерекше бақылауға алуға келістік. Біздің басты мақсатымыз – елдеріміз арасында өнімді кедергісіз және жылдам жеткізу жүйесін құру, – деді Шавкат Мирзияев.

Мұндай назар мен жағдайлар өзара іс-қимылды жандандырып, тауар айналымын таяу жылдарда 500 миллион долларға, келесіде 1 миллиард долларға жеткізуге берік негіз жасайтынына сенім білдірілді.

Өзбекстан Президентінің Исламабадқа сапары қарсаңында тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс материалдары, банк пен қаржы, химия өнеркәсібі және басқа да салалардағы жалпы құны 800 миллион доллар болатын сауда-инвестициялық жобалар бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Бұл жобалардың барлығы өнеркәсіптік кооперация бағдарламасына енгізіліп, қатаң бақылауға алынатыны айтылды.

Мемлекет басшысы пәкістандық компанияларды бірлескен жобаларды арттыруға шақырды.

– Бүгін мен сіздердің нақты ұсыныстарыңызды тыңдағым келеді. Мұнда үкімет мүшелері, сала басшылары жиналды. Біз Өзбекстандағы бизнесіңіз үшін шарттар мен кепілдіктерді қарастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, түрлі салалардағы мүмкіндіктер туралы пікір алмасылып, перспективалық жобалар талқыланды.

Президент бизнесмендердің жоспарын бекітіп, шенеуніктерге барлық бастамалар мен келісім-шарттарды қамтитын «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды.