Шавкат Мирзиёев Қаршы қаласындағы индустриялық жобалармен танысты

    Билік 25 Oktabr 2023 3959

    Президент Шавкат Мирзиёев Қашқадария облысына сапарының екінші күні Қаршы қаласындағы «Қавали» шағын индустриялық аймағында орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

    Индустриалды аймақтың жер көлемі алты гектарды құрайды, инженерлік инфрақұрылымы жақсы ұйымдастырылған, тасымалдауға өте ыңғайлы. Сондықтан өндіріс қарқынды дамып келеді.

    Қазір мұнда құрылыс материалдары, жиһаз, тоқыма, фармацевтика және тері өнеркәсібі салаларындағы 11 жоба орналасқан. Оның төртеуі іске қосылып, импорттың орнын басатын өнімдер дайындалуда.

    Мемлекет басшысы осындағы жұмыс барысын, өнімдерді аралап көрді.

    «Pegas» кәсіпорны темір өңдеу, лак-бояу, есік және тоқыма бұйымдарын шығаруды жолға қойды. Бұл жобаның құны 13 миллиард сумнан астам, мұнда 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын өнімдеріне ішкі нарықта сұраныс жоғары. Келесі кезеңде құрылыс саласында маңызды саналатын өзге де шикізат өндірісі жолға қойылмақ. Нәтижесінде көптеген жаңа жұмыс орындары ашылады.

    «1-санды кешенді жобалық құрылыс-монтаж» жеке кәсіпорны да құрылыс материалдарына маманданған. Жалпы құны 18,5 миллиард сумды құрайтын бұл жобаның жылдық қуаттылығы 2 миллион шаршы метрге жуық профильді болат пен 250 мың шаршы метр сэндвич-панель шығаруға қауқарлы. Қазір кәсіпорында 45 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты жұмыс орындарын көбейту жоспарлануда.

    «Karshi W and D Factory» кәсіпорнында 50 түрдегі есік, жұмсақ және қатты жиһаздар шығарылады. Бұл жобаға 8,5 миллиард сум бөлініп, Германия, Түркия, Қытай елдерінің заманауи технологияларымен жабдықталған. Соның арқасында кәсіпорында 26 жаңа жұмыс орны ашылды.

    Индустриалды аймақта тағы жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар жұмыс бастаса, тағы 725 адам жұмыспен қамтылады.

    Мемлекет басшысы осында Қытайдан әкелінген заманауи автобустар мен микроавтобустарды аралап көрді. Кәсіпкер Нарзулло Намозовтың айтуынша, 60 орындық автобустарға сұраныс жоғары. Оның 30-ы Қашқадарияға әкелінді, жалпы оралдың санын 100-ге жеткізу жоспарланған. Алдағы уақытта мұндай ыңғайлы автобустар «Қаршы – Шахрисабз» және «Қаршы – Китаб» бағыттарында жүре бастайды.

    Президент қолөнерші-кәсіпкер Дилором Кувватовамен де сұхбаттасты. Ұзақ жыл шетелде жұмыс істеген бұл әйел кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндіктерді естіп, елге оралған. Бүгінде оның жетекшілігімен тігілген көрпе-жастық, тон және басқа да бұйымдар аймақта өте саудалы.

    Д.Қувватова кәсіпкерлікке жасалып жатқан мүмкіндіктерге көңілі толатынын, алдағы уақытта жұмыс орнын 300-ге жеткізуді мақсат еткенін айтты.

    Осы жерде Қашқадария облысындағы 2024 жылға арналған инвестициялық жобалардың тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, келер жылы тікелей шетелдік инвестиция мен несие есебінен 4 миллиард долларды құрайтын 36 ірі жоба және 656 миллион долларды құрайтын 114 өңірлік жоба қалыптасады. Олар мұнай-газ, химия, тоқыма, былғары-аяқ және құрылыс өнеркәсібі, туризм, ауыл шаруашылығы салаларында және негізінен жергіліктендіру мен өңдеудегі олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған.