Олардың автобусы Қарағанды-Астана жолында қалып кеткен, деп хабарлайды Kazinform.
12 декабрь күні кешке Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов облыстық полиция департаменті патрульдік қызметі батальонының қызметкерлерімен бірлесіп Қарағандыдан Ақмола облысына дейін шекараға баратын негізгі трассаға бақылау жұмыстарын жүргізді. Тексеру жүргізудің мақсаты – жолда аяздың күшеюіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты дизельдік отын және қоғамдық көлік қызметі тоқтатылды.
Теміртаудың сыртында, ақылы терминалда полицейлер жолаушылар мінген автобусты байқаған. Оңтүстік өңірінен Астанаға бара жатқан Өзбекстан Республикасының 20 азаматы мінген автобус жол жабылғандықтан тоқтауға мәжбүр болды. Олар жексенбі күні жолға шыққан. Қатты аяздан Балқашта бір тәулікке тоқтауға тура келген. Және бүкіл уақыттарын автобуста өткізген. Сейсенбі күні жол жүруді жалғастырған, бірақ қатты суықтың салдарынан тағы да Теміртау сыртында қайтадан тоқтаған.
– Шетелдік азаматтар ең жақын маңдағы елді мекенге жетуге көмек сұрап, жанар-жағармайы мен алған ақшалары таусылғандықтан полицияға жүгінген. Дәрі-дәрмегі таусылған қант диабетімен ауыратын әйелге де көмек қажет болды. Өзбекстан азаматтары мінген автобус қызмет көрсету көліктерінің көмегімен Осакаровка ауылына жетіп келді. Мұнда адамдар мәдени орталыққа орналастырылып, олаға жатын орындары дайындалды. Сонымен қатар, олардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», - деп хабарлайды Қарағанды облысы ПД-ның баспасөз қызметі.