Туризм – салыстырмалы түрде аз қаржы жұмсап, көптеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін, халықтың табысын арттырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық келбетін жақсартатын тиімді сала. Бұл тұрғыда Ташкент қаласының әлеуеті зор, мүмкіндіктері кең.
Атап айтқанда, Алмазар ауданында осы әлеуетті толық іске қосу мақсатында 447 гектар аумақты қамтитын жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 15 махалланы өзара байланыстыратын аудандық маңызға ие 6 көшеде туризм және қызмет көрсету нысандары салынбақ.
Аталған жобаның бір бөлігі – Зарқайнар көшесінде атқарылған абаттандыру және құрылыс жұмыстары. Бұл аумақ ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи келбетімен, ұлттық сәулет дәстүрлері мен қолөнер рухымен ерекшеленеді.
Республикалық бюджеттен бөлінген 150 миллиард сум есебінен бұл жердегі 576 тұрғын үй ұлттық үлгіде жөнделіп, махалла тарихи ортаға үйлескен жаңа келбетке ие болды.
Жүзге жуық кәсіпкер тарапынан 166 миллиард сум инвестиция салынуы нәтижесінде 7 қонақүй, 8 мейрамхана, 5 қолөнер орталығы, 1 сауда орталығы және 125 қызмет көрсету нысаны ашылып, 1500 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Мемлекет басшысы жаңартылған көше бойымен жүріп өтіп, ұлттық сәулет стилінде жөнделген үйлерді, көркейтілген көшелер мен тұрғындар үшін жасалған жағдайлармен танысты. Сондай-ақ осы жерде тұратын отбасылар, туристер және қолөнершілермен жылы әңгіме өрбітті.
– Біз туристер үшін қолайлы жағдай жасағымыз келеді, алайда оның негізін де дұрыс жолға қоюымыз қажет. Мәселен, қолөнер – ұлттық болмысымызды айқындайтын басты бағыттардың бірі. Сондықтан қолөнершілердің өнім өндіруі үшін барлық қажетті жағдайды жасау – біздің міндетіміз. Білікті кадрлар даярлау қажет. Осы мақсатта қолөнершілер университетін құру орынды деп санаймын. Біз кәсіпкерлермен кездесіп жүрміз, енді қолөнершілермен де жеке кездесулер ұйымдастырамыз, – деді Президент.
Жауапты тұлғаларға туризм және қызмет көрсету салаларындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, махаллалардағы тарихи ортаны сақтай отырып, экономикалық белсенділікті арттыру, ең бастысы, адамдар мүддесіне қызмет ететін тұрақты жүйе қалыптастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Осы жерде Мемлекет басшысына «Алмазар» инновациялық өсу аумағын дамыту бойынша әзірленген мастер-жоспар таныстырылды.
Таныстырылым барысында аумақты кеңістіктік-аумақтық дамыту тұжырымдамасы, қажеттіліктерді бағалау нәтижелері және функционалдық аймақтарға бөлу шешімдері көрсетілді.
Мастер-жоспарға сәйкес, білім беру-инновация, туризм және сауда, мәдени мұра, бизнес және IT қызметтерін қамтитын «даму дәліздері» қалыптастырылады.
Ескі қала аумағында Студенттер қалашығы, университеттер мен технопарктер, денсаулық сақтау нысандары, сондай-ақ Ислам өркениеті орталығы, Хазрет Имам кешені, Чарсу базары мен тарихи қала орталығын біріктіретін туристік бағыттар өзара байланыстырылады. Сонымен қатар солтүстік орталық іскерлік аймақта кеңселер, IT-парк және бизнес орталықтарды дамыту көзделген.
Мастер-жоспарды іске асыру арқылы тарихи мұраны сақтай отырып, заманауи инфрақұрылымды дамыту, аумақтың экономикалық әлеуеті мен қалалық ортаны сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру көзделген.
– Әрбір көше үшін кемінде бес жылдық мастер-жоспар әзірлеу қажет. Кеше Швейцарияның Давос қаласында ғимараттар сақтала отырып, қалалық орта жағдайға бейім түрде дамытылып жатқанын көрдім. Біз де ескі қаланы сақтап, оны одан әрі дамытуымыз керек. Осы мақсатта арнайы «Ескі қала» бағдарламасын әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.