Мемлекет басшысы Сұрхандария облыстық Кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты

    Билік 13 Mart 2023 5270

    Термезде халық депутаттары Сұрхандария облыстық Кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті.

    Оған Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

    Мемлекет басшысы сөзінің басында өңір халқына деген шексіз құрметін білдіріп, аймақ жұртшылығы әр салада, өнеркәсіпте үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын атап өтті.

    – Сіздерді көктемнің осындай тамаша күнінде, ұлы мерекелер қарсаңында көргеніме қуаныштымын. Бүгін облысқа әкім тағайындап, жаңа міндеттерді белгілеуіміз керек. Мақсат – реформалардың жүзеге асуы мен деңгейін арттыру, ниетті биік етіп, соған сай әрекет ету, халықтың ішіне кіріп, олардың көңілінен шығу, – деді Президент.

    Жиында облыстың қазіргі даму жағдайы талқыланды. Соңғы бес жылда облыста өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында 15 мыңнан астам кәсіпорын іске қосылды. Жаңадан салынған «Зарчоб-1» және «Зарчоб-2» шағын су электр станциялары жылына 201 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіруде.

    Сондай-ақ, 257 мектеп салынғңан және қайта жөндеуден өткен. Балабақшамен қамту 18 пайыздан 62 пайызға дейін өсті. 302 мың тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. 1 мың шақырым халықаралық, 3 мың шақырым ішкі жол жөнделген.

    – Тағы бір-екі жыл тер төгіп, халыққа аянбай қызмет етсек, Сұрхандарияда үлкен даму, өрлеу болады, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Сессияда ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы Сұрхандария облысының әкімі лауазымына Улықбек Касимовты ұсынды.

    У.Касимов 1983 жылы дүниеге келген. 2018 жылға дейін Музработ, Денов аудандарының әкімі, 2018-2022 жылдары Сұрхандария және Ферғана облыстары мен Ташкент қаласының прокуроры қызметтерінде жұмыс істеп, үлкен тәжірибе жинақтаған.

    Ол өткен жылдың желтоқсан айынан бері Сұрхандария облысының әкімі міндетін атқарып келеді.

    Мемлекет басшысы лауазымды бекітпес бұрын кандидаттың жоспарын тыңдауды ұсынды. У.Касимов өңірде кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғындарға лайықты өмір сүру жағдайын жасау жөніндегі жоспарларын таныстырды.

    Президент бұл ұсыныстарды мақұлдап, оларға қатысты жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.

    Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, табысын арттыру басты міндет ретінде белгіленді. Махаллада отбасылық кәсіпкерлік пен қожалық шаруашылығын енгізу арқылы 60 мыңнан астам адамды, жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу арқылы 4 мың адамды, жұмыссыздарды заманауи мамандықтарға оқыту арқылы 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға болатыны айтылды.

    Сұрхандарияның климаты егіншілікке өте қолайлы, өнім ерте піседі. Сондықтан, кейінгі бес жылда облыста негізгі жеміс-көкөніс дақылдарының көлемі 2,5 есеге ұлғайды. Биыл тұрғындарға тағы 8500 гектар жер бөлінуде. Диқандар үшін жағдай жасау, сумен қамтамасыз етуді жақсарту, азық-түлік тауарларының көлемін екі есе ұлғайту және экспортты 250 миллион долларға жеткізу міндеті жүктелді.

    Соңғы бес жылда облыс өнеркәсібіне 30 триллион сум инвестиция тартылып, 5 мыңнан астам кәсіпорын құрылды. Өндіріс үш есеге артып, өнеркәсіптік экспорт 132 миллион долларға жетті. Сұрхандарияда құрылыс материалдары, былғары аяқ киім, электр жабдықтары сияқты жаңа салалар пайда болды.

    Бұл ретте облыста әлі игерілмей жатқан кеніштер мен мүмкіндіктер көп. Биыл 292 индустриялық жоба іске қосылуы белгіленді. Бұл 10 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салада импортты 50 миллион долларға қысқартып, экспортты кем дегенде 250 миллион долларға жеткізу жөнінде тапсырма берілді.

    Жиында энергетика мәселелері де талқыланды. Сариосиё ауданындағы Топаланг су электр стансасы мен 3 жаңа шағын және шағын су электр станциясында биыл 350 миллион киловатт сағат электр энергиясы өндіріледі. Шерабад ауданында қуаттылығы 457 мегаватт болатын ірі күн электр станциясы іске қосылады. Сондай-ақ шағын қуатты күн батареяларын орнату жоспары да айтылды.

    Жалпы, Сұрхандариядағы әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған биылғы мемлекеттік бағдарламада қарастырылған 1,5 триллион сумға қосымша 465 миллиард сум бөлінеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ауыз суға, бизнес жобаларына қосымша 328 миллион доллар тартуға тапсырма берілді.

    Мұндағы мақсат 325 мың тұрғынды тиімді жұмыспен қамтамасыз етіп, Сұрхандарияны кедейшілік пен жұмыссыздықтан ада аймаққа айналдыру.

    Презентациядан кейін облыстық кеңес депутаттары кандидаттың жоспары туралы өз пікірлерін білдірді. Ұйымдастыру мәселесі дауысқа салынды. Оның қорытындысы бойынша Сұрхандария облысының әкімі болып Улықбек Касимов бекітілді.

    Мемлекет басшысы белгіленген жоспарларды енді шынайы өмірде жүзеге асыру керектігін, барлық ұйымдар әкімнің айналасына топтасып, халыққа қызмет ету керектігін қадап айтты.

    No date selected
    December 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates