Бүгінде елімізде су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптар көлемі 2,6 миллион гектарға жетіп, бұл суармалы жерлердің 60 пайызын құрайды. Салыстырмалы тұүрде айтар болсақ, 2017 жылға дейін республикада су үнемдеу технологиялары енгізілген жер көлемі небәрі 19 мың гектар болған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл сайын 2,5 миллиард текше метр су үнемделіп отыр.

Таныстырылым барысында бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын одан әрі кеңейтуге арналған жаңа ұсыныстар қаралды.

Атап айтқанда, 2028 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қосымша 930 мың гектар жерге орналастырып, мұндай алқаптардың жалпы көлемін 3,5 миллион гектарға, яғни барлық суармалы жерлердің 80 пайызына жеткізу жоспарланған. Нәтижесінде жыл сайын 3,5 миллиард текше метр су үнемделіп, 300 мың гектар жердің сумен қамтылуы жақсарады әрі ауыспалы егістерді суару мүмкіндігі пайда болады.

Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы үнемделген су ресурстары сумен қамтуы күрделі өңірлерде орналасқан фермерлерге кепілді түрде жеткізілуіне негіз болмақ.

Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде су үнемдеу технологияларын енгізуді мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері қолданылатын болады.

Атап айтқанда, су ресурстары үшін салық мөлшерлемелері мен субсидия көлемін жер алқаптарының сумен қамтамасыз етілу деңгейіне қарай белгілеу ұсынылды. Мысалы, сумен тұрақты қамтамасыз етілмеген өңірлердегі суармалы жерлерде су үнемдеу технологиялары енгізілген жағдайда бөлінетін субсидиялар 1,25 арттыру коэффициентін қолдану арқылы есептеледі.

Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын банктен несие алмай, өз қаражаты есебінен орындайтын бастамашыларға субсидия бөлудің жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл ретте тиісті жоба-сметалық құжаттар мен жобаны іске асыру жөнінде жеткізуші кәсіпорынмен жасалған шарт негізінде субсидия қаражатының 50 пайызы Аграрлық саладағы төлемдер агенттігі арқылы алдын ала беріледі.

Бұдан былай масақты дәнді дақылдарды өсіруде тамшылатып және дискретті суару технологиялары енгізілген алқаптарға да субсидия қарастырылады.

Су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнату мақсатында коммерциялық банктер бөлген несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді ішінара өтеу тетігі жолға қойылады. Мақта алқаптарында тамшылатып суару технологиясын енгізуге арналған несие қаражаттары жыл сайын қараша айынан бастап бөлінетін болады.

Су үнемдеу технологияларын орнатқан мердігер ұйымдар әрбір жобаға кемінде 2 жылдық кепілдік мерзімін беруі, сондай-ақ 5 жыл бойы сервистік қызмет көрсетуі міндетті болады.

Сондай-ақ саладағы мемлекеттік бақылауды жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.

Су алу нүктелерінде суды басқару мен есепке алуды жетілдіру мақсатында күріш өсірілетін және балық шаруашылығы ұйымдастырылған жер алқаптарында «ақылды» су өлшеу және есептеу құралдары орнатылады. Бұл құрылғылар «Су есебі» ақпараттық жүйесіне интеграцияланады.

 

Су шаруашылығы объектілерінің қауіпсіздігі мен суды пайдалануды бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерінде су үнемдеу технологияларын және суды пайдалану мониторингін жүзеге асыратын арнайы бөлімдер құрылады. Кәсіпкерлік субъектілерінде инспекция жүргізетін тексерулерді бейнекамералар арқылы орындау тәртібі енгізіледі. Сондай-ақ инспекцияға ауыл шаруашылығы егіс алқаптарында суды пайдалану мен судың ысырап болуын бақылау үшіндрондар қолдануға рұқсат беріледі.

Сондай-ақ орнатылған су үнемдеу технологияларының дұрыс қолданылуына ерекше мән беріп, оған бақылауды күшейту керек екені айтылды. Су үнемдеу технологиялары енгізіліп, субсидия бөлінген жер алқаптарында бұл технологияларды немесе олардың негізгі бөліктерін қолданбай, дәстүрлі әдіспен суару суды өз бетінше пайдалану ретінде бағаланатын болады.

Фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізу саласындағы мүдделерін қорғауды күшейту мақсатында «Сувхужаликназорат» («Су шаруашылығын бақылау») инспекциясы және оның аумақтық басқармалары тарапынан су үнемдеу технологияларын орнатуға байланысты мәселелер бойынша соттарға талап-арыз беру кезінде мемлекеттік баж салығынан босату ұсынылды.

Саладағы кадрлар әлеуетін арттыру – басты назарда тұрған мәселе.

Таныстырылымда алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру бойынша жоспарлар туралы да сөз болды. Атап айтқанда, «Сушылар мектебі» жобасы аясында биыл 10 мың фермер шаруашылығы қызметкерінің біліктілігі арттырылып, 358 су шаруашылығы маманы тәжірибе алмасу және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында шетелге жіберілетін болады.