Президентттің кәсiпкерлермен кездесуіне дайындық барысы талқыланды

    Билік 3 Avgust 2022 5414

    3 тамызда Өзбекстан Республикасы Президентінің кәсiпкерлермен диалогына дайындық барысы туралы мәжiлiс өттi.

    Мемлекет басшысы 2021 жылдың 20 тамызында алғаш рет кәсіпкерлермен ашық диалог жүргізгені белгілі. Бұл дата Өзбекстанда «Кәсіпкерлер күні» болып белгіленіп, мұндай кездесулер жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болды.

    Биыл да осы диалогқа үлкен дайындық жүргізілуде. Кәсіпкерлердің сауалдары мен ұсыныстарын жинау мақсатында республикалық штаб пен «колл орталық» құрылған. Осы уақытқа дейін оған 7200-ден астам ұсыныстар мен өтініштер келіп түскен. Республикалық штаб мүшелері өздері көтерген жүйелі және жеке мәселелерді күн сайын талқылап жатыр. Олардың көпшілігі орнында шешілуде.

    Кездесуде Мемлекет басшысы саладағы жүйелі проблемаларға ерекше назар аударды.

    Талдау нәтижесіне орай, жеке меншікті қорғау, лицензия мен рұқсатнама алудағы бюрократия, кәсіпкерлерді несиелендіру, жер мен ғимараттарды бөлу, салықтық әкімшілендіру мен инфрақұрылым мәселелері өзекті болып отыр. Жиында аталған мәселелердің туындау себептері мен оларды шешу шаралары талқыланды.

    Мемлекет басшысы әрбір өтінішті, әсіресе, шағын және орта бизнесті толғандырып жүрген мәселелерді ерекше бақылауға алып, заңды әрі оң шешімін табу керектігін айтты. Кәсіпкерлердің проблемалары мен ұсыныстарын зерделеу негізінде аймақтарға шығып, кәсіпкерлік жағдайын жақсарту және процедураларды жеңілдету бойынша нақты тапсырмалар берді.

    Тамыз айының ортасынан бастап министрлер мен әкімдердің қатысуымен кәсіпкерлермен байланыс апталығын өткізу белгіленді. Өзбекстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін жиын осы аптаның қорытынды және басты оқиғасы болмақ.