Өзбекстан Президенті кәсіпкерлермен ашық сұхбат өткізді

    20 тамыз күні Жаңа Ташкентте Өзбекстан Республикасы Президентінің кәсіпкерлермен ашық сұхбаты өтті.

    Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен және Тәуелсіздіктің 34 жылдығымен құттықтап, әрбір саладағы, әрбір өңір мен махалладағы өзгерістерде олардың еңбегі зор екенін атап өтті.

    Кейінгі сегіз жылда экономикада көптеген жаңа салалар пайда болды. Осы кезеңде елге 230 миллиард доллар инвестиция тартылып, оның 120 миллиард доллардан астамы шетелдік капиталға тиесілі. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ел экономикасы 7,2 пайызға өсті.

    Іскерлік жүргізуге жасалған жеңілдіктер нәтижесінде кәсіпкерлер қатары артып, олардың қызмет ауқымы кеңейіп келеді. Мәселен, бір жылдың ішінде 1600 микро кәсіпорын айналымын 10 миллиард сумнан асырып, орта бизнеске, ал 143 кәсіпорын 100 миллиард сумнан асырып, ірі бизнеске айналды. Тағы 122 шағын кәсіпорын ірі кәсіпорындар қатарына қосылды.

    Кәсіпкерлікті «көлеңкелі» экономикадан шығару нәтижесінде 139 мың кәсіпорында жұмыс орындары 811 мыңға артты, 273 мың кәсіпорын еңбекақы қорын 22 пайызға көтерді. Өткен жылы жеке сектордағы орташа айлық 4 миллион сум болса, бүгінде 5 миллион сумға жақындады.

    Алғашқы ашық сұхбаттан бері кәсіпкерлердің мыңға жуық бастамасы заңнамаға енгізілгені айтылды. Бұл жолғы ашық диалог – бесіншісі. Дайындық барысында 26 саладағы 7 мыңға жуық өкілмен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ «колл-орталық» арқылы 13 мыңнан астам ұсыныстар қабылданды.

    Соңғы апталарда еліміздің экономикасының маңызды салалары – жеміс-көкөніс шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі және жеке кәсіпкерлік мәселелері талқыланып, қолдау шаралары белгіленген болатын.

    Бүгінгі кездесуде Мемлекет басшысы кәсіпкерліктің өзге де бағыттары бойынша жаңа бастамаларды ұсынды.

    Атап айтқанда, қысқа мерзімде әрі жылдам табыс әкелетін жұмыс орындарын құруда ең тиімді бағыттардың бірі саналатын қызмет көрсету саласы қарқынды дамытылады. Туризмді дамыту бойынша жаңа бағдарлама іске қосылады. Алдағы үш жылда қонақ үй мен туризм нысандарын ұйымдастыру үшін жалпы 5 мың гектар жер аукционға шығарылады. Бұл ретте қонақ үй салғысы келетін кәсіпкерлерден жерді сатып алу үшін төлем алынбайды. Оның орнына мемлекет сол сомаға жобада үлескер ретінде қатысады.

    Кәсіпкерлер он жыл ішінде кез келген уақытта бұл үлесті қайта сатып ала алады. Егер кәсіпкер жердің құнын басында төлеймін десе, 20 пайыз жеңілдік беріледі. Қонақ үй салу үшін жеті жыл мерзімге, екі жылдық жеңілдікті кезеңмен несие бөлінеді.

    Көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік нысандар мен жекеменшік ғимараттарды сатып алып, қонақүйге айналдырып жатыр. Енді жаңа қонақ үйге қарастырылған субсидия оларға да беріледі. Ташкент қаласы, облыс орталықтары мен ірі туристік аймақтардан тыс жерлердегі қонақ үйлер туристік алым төлемейді.

    Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, отбасылық қонақ үйлер туристерді қабылдау бойынша тәуліктік шектеуі 10 адамнан аспайтын болып белгіленген. Енді бұл шектеу екі есе көбейтіледі.

    Мемлекет басшысы жергілікті қонақүйлер мен отбасылық қонақ үйлер арасында байқау ұйымдастыруды ұсынды. Байқаудың жүлде қоры 1 миллион долларды құрайды. Саяхатшылардың назарын өзіне аудара білген, беделді халықаралық платформаларда ең көп оң пікірге ие болған қонақ үйлер жыл сайын марапатталады.

    Инфрақұрылымды дамыту арқылы ірі туристік аймақтар көбейтіледі. Чортоқ өңіріндегі «Қарабақ», Ферғана өңіріндегі «Чимён», Бойсундағы «Омонхона», Нурабадтағы «Нурбұлақ» аумақтарында жыл бойы қызмет көрсететін ірі курорттық аймақтар құрылмақ.

    Биыл 16 ауданның жедел дамуына 1 триллион сумнан астам қаржы бағытталды. Алдағы уақытта тағы да 500 миллион доллар есебінен 30 ауданда осындай жұмыстар жүзеге асырылады. Бұл өнеркәсіп, сервис және құрылыс салаларындағы кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беріп, жүз мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

    Сонымен қатар, бизнес өкілдерінде қосымша орын-жайларға қажеттілік бар. Осыған байланысты келесі жылдан бастап мемлекеттік активтер бес жылға жалға берілетін болады.

    1991 жылы қабылданған «Жалға алу туралы» заң негізінен мемлекеттік органдардың мүддесін қорғауға бағытталғаны айтылды. Сондықтан жалға беруші мен жалға алушының құқықтарын тең дәрежеде қорғайтын жаңа редакциядағы заң әзірленетіні атап өтілді.

    Кездесуде білім беру және медицина салаларына қатысты мүмкіндіктер де айқындалды.

    Атап айтқанда, енді қамту деңгейі төмен 80 ауданында кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріледі. Балабақша мен мектептердің бос жерлерінде жеке серіктестік негізінде балабақша салуға рұқсат етілмек. Бұл жағдайда кәсіпкерлерден жер үшін жалға алу ақысы 30 жыл бойы алынбайды. Сондай-ақ оларға мемлекеттік балабақшада әр балаға белгіленген шығынның жартысы субсидия ретінде төленеді. Бұған қоса, бастамашыларға жеңілдетілген несие беріледі. Әлеуметтік салық мөлшерлемесі 1 пайыз болады.

    Медициналық кластерлерді құрған кәсіпкерлерге 7 жыл мерзімге, 3 жылдық жеңілдік кезеңімен 17 пайыздық арзан несие беріледі.

    Мемлекет басшысы бизнесті қолдаудың ең басты құралы – қаржылық қызметтер екенін атап өтті. Сондықтан енді жобаларға қаражат тартудың жеңілдетілген тәртібі бойынша инвестициялық платформа іске қосылады. Кәсіпкерлер осы жаңа жүйе арқылы жылына қосымша 1 миллиард доллар қаржы тарту мүмкіндігіне ие болады.

    Қазір Өзбекстанда 600-ден астам стартап жұмыс істеуде. Биыл жеті айда стартаптарға рекордтық көлемде – 264 миллион доллар шетелдік инвестиция тартылды.

    Бұл үрдісті жалғастыра отырып, жастардың мың идеясы коммерцияландырылып, соның 200-і халықаралық нарыққа шығарылады. Ең озық технологиялар әкелініп, 100 жергілікті стартап халықаралық деңгейде тартымды бизнеске айналады. Бұл мақсатқа 100 миллион доллар бағытталады.

    Биылдан бастап «Жас кәсіпкерлер» чемпионаты ұйымдастырылады. Ең үздік 100 идея іріктеліп алынып, әрбір стартапқа 1 миллиард сумға дейін инвестиция құйылады.

    Цифрлық қаржылық қызметтерді дамыту үшін бес жылдық стратегия қабылданады. Бұл ретте жаңа экожүйе – «ашық банкинг» енгізіледі.

    Келер жылы банктер шағын және орта кәсіпкерлікті мақсатты қолдау үшін қолайлы шарттар негізінде 1 миллиард доллар тартады. Баламалы скоринг моделі іске қосылып, несие беру шарттары жеңілдетіледі.

    Кездесуде салық әкімшілігі мәселелері де қаралды.

    Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, жылдық айналымы 10 миллиард сумнан асатын кәсіпорындар пайда салығы бойынша аванс төлеп келгені үшін айналым қаражатында қиындықтар туындауда. Сондықтан енді бұл тәртіп 20 миллиард сумнан асқанда қолданылатын болады. Нәтижесінде шамамен 14 мыңға жуық кәсіпкердің қарамағында қосымша 1 триллион сум көлемінде айналым қаражаты қалады.

    Айналым салығынан қосылған құн салығына өтетін кәсіпорындар бір жыл бойы пайда салығын төлеуден босатылады. Есебінде қателік болса да, айыппұл салынбайды. Сонымен қатар, бухгалтерлердің жалақысының 5 миллион сумға дейінгі бөлігі алты айға дейін кәсіпорын төлеген салықтан шегеріледі.

    Екі жыл бұрын айналымнан салық төлеушілер бухгалтериясын салық қызметі жүргізетін жүйе енгізілген еді. Енді келесі жылдан бастап жер, мүлік, әлеуметтік және табыс салықтарының есептерін жасау бойынша кәсіпкерлердің міндеті жойылады. Бұл есептерді салық органдарының өздері тегін толтырып береді. Кәсіпкерлер тек 5 күн ішінде есепке түзету енгізе алады.

    Белгілі болғандай, бизнес заң үстемдік еткен жерде дамиды. Соңғы жылдары экономикаға венчурлық капитал, облигациялар, краудфандинг, стартап сияқты заманауи инвестициялық құралдар да енгізілді. Қазір бұл қатынастар ондаған құжаттармен тәртіпке келтіріледі.

    Президентіміз осының бәрін тікелей қолданылатын біртұтас заңға біріктіріп, Инвестиция кодексін қабылдау бастамасын ұсынды. Бұл кодекс инвестиция саласындағы барлық ереже, кепілдік пен рәсімдерді бір жүйеге түсіріп, инвестицияларды ынталандыруға қызмет ететіні атап өтілді.

    Мемлекет басшысы тағы бір маңызды жаңалықты жариялады – 2026 жылдан бастап «Бизнесті 15 минутта рәсімдеу» қағидаты енгізіледі. Бұл жүйе бойынша кәсіпкерді тіркеу сәтінде-ақ электрондық цифрлық қолтаңба беріледі, банк шоты ашылады және тиісті мемлекеттік органдарға автоматты түрде хабарлама жіберіледі.

    Міндетті сертификатталатын тауарлар тізімі 459-ға қысқартылды, алдағы уақытта ол тағы 288-ге азайтылады.

    Көшет, минерал тыңайтқыш, аяқ киім, мал азығы сияқты санитарлық, ветеринарлық және карантиндік бақылауда тұрған 32 санаттағы өнімдер үшін сәйкестік сертификатының талаптары жойылады.

    Жалпы, өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету және бағалау бойынша ұлттық инфрақұрылым түбегейлі реформаланып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі. Бұл ретте ең алдымен сертификаттау орнына сәйкестікті декларациялау тәжірибесі кеңінен енгізіледі.

    Техникалық реттеу жүйесі толықтай трансформацияланады. Бұдан былай бақылау нысаны кәсіпкердің өзі емес, тікелей өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі болады.

    Ашық сұхбатта айтылған барлық жаңа мүмкіндіктердің бүгіннен бастап күшіне енетіні атап өтілді.

    Мемлекет басшысы мұның бәрі үлкен межелер екенін, елдегі қазіргі кәсіпкерлік рухының арқасында бұл мақсаттарға қол жеткізуге болатынын ерекше атап өтті.

    Шара ашық диалог форматында жалғасты. Орталық және аймақтық студиялардан қосылған кәсіпкерлер өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Туындаған мәселелер талқыланып, олар бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.