Президент білім беру жүйесін жетілдіруге арналған тұсаукесермен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев 8 қыркүйек күні білім беру жүйесін реформалау мәселелеріне арналған тұсаукесермен танысты.

    Өзбекстанда білім берудің барлық буыны дәйекті түрде дамып келеді. Жаңа білім ошақтары салынып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда, жастардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Оқу бағдарламалары жаңартылып, ең озық тәжірибелер енгізілуде.

    Алайда бұл үздіксіз процесс. Қабілетті балаларға мамандандырылған білім беру, жастардың қызығушылығын қолдау, кәсіби бағдар беру үнемі назарда болуы тиіс.

    Таныстырылымда осы бағыттағы жоспарлар мен оларды жүзеге асыру шаралары баяндалды.

    Белгілі болғандай, рухани-тәрбиелік жұмыстар білім берудің бір бөлігі саналады. Алайда қазіргі таңда оқу орындарында мұндай іс-шараларға әртүрлі көзқарас бар. Жастардың бос уақытын мазмұнды өткізу, олардың қабілеті мен дарынын ашуда бірыңғай жүйе жоқ.

    Сондықтан балабақшадан бастап жоғары білімге дейін қамтитын бірыңғай ұлттық идея тұжырымдамасы жасалды. Ол рухани-ағартушылық іс-шаралардың үлгілі жоспары болады. Нәтижесінде мұндай жұмыстар жүйелі әрі сапалы ұйымдастырылып, оқушылар артық іс-шараларға жұмылдырылмайды.

    Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, олардың қабілеті мен ынтасын ашу бойынша да бірыңғай вертикальды жүйе енгізіледі. Осы мақсатта «Баркамол авлод» балалар мектебі, Республика оқушы-жастар орталығы және «Ёшлик» спорт қоғамы негізінде «Келажак» орталықтары ұйымдастырылады. Сондай-ақ оқушылардың бастамаларын қолдау үшін мектеп кеңесшісі лауазымы енгізіледі.

    Соңғы сегіз жылда балабақшалардағы орын саны 2,5 миллионға көбейіп, мектепке дейінгі біліммен қамту 78 пайызға жетті. Бұл көрсеткішті арттыру үшін жыл сайын 20 мың орын ашу жоспарланған.

    Осы мақсатта жаңа көпқабатты үйлерде халық санына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдар да қарастырылады. Балабақшаларда жұмыс істейтін орта арнаулы білімді мамандар үшін дуалды білім беру және біліктілікті арттыру жүйесі енгізіледі.

    Мектепке дейінгі біліммен қамту 80 пайыздан төмен аудандар мен қалаларда жеке сектордың қатысуы қолдау табады. Атап айтқанда, балабақша мен мектептердің бос алаңдарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектепке дейінгі ұйымдар салуға рұқсат беріледі. Кәсіпкерлерге қызмет бағытын өзгертпеу шартымен жер тегін беріліп, жеті жылға дейін жеңілдетілген несие бөлінеді.

    2026–2028 жылдары республика бойынша 14 аймақта Балаларды дамыту инновациялық орталығы кіретін «Янги авлод» («Жаңа буын») мектепке дейінгі ұйымдар желісі құрылады.

    Мемлекет басшысы экономика салаларының қазіргі және болашақтағы қажеттілігінен шығып, техника және инженерлік бағыттарды дамыту міндетін қойған еді. Соған сәйкес, Мамандырылған білім беру мекемелері агенттігі жүйесінде 14 аймақта инженерлік мектептер ұйымдастырылып отыр. Атаулы мектептерге балалар емтихан арқылы қабылданып, мемлекеттік бюджет есебінен оқытылады. Оларда «Жаңа Өзбекстан» университеті мен М.Ұлықбек атындағы мамандандырылған мектеп тәжірибесіне сүйене отырып инженерлік бағдарлама енгізіледі. Оқу үдерісі 5 жылдық STEM моделіне негізделген бағдарлама бойынша ұйымдастырылады.

    2026 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептер арасында Президент жүлдесіне арналған «Озық инженерлік мектеп» ұлттық байқауы өткізіледі.

    Сондай-ақ жаратылыстану пәндерін оқытуды жетілдіру мақсатында барлық аймақтарда мамандандырылған мектептер ашылады. Ташкент қаласындағы Әбу Әли ибн Сина атындағы мектеп осы бағыттағы тірек мектеп қызметін атқарады.

    Ташкентте М.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің филиалы, «ToshTech» техникалық университеті және Алмалық мемлекеттік техникалық институты ашылады.

    Тағы бір жаңалық – мұғалімдікке құштар жастарды қолдау шарасы. Бұған дейін бұл салада арнайы мемлекеттік стипендия болмаған еді.

    Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарының студенттері үшін Абдулла Авлоний атындағы мемлекеттік стипендия тағайындалады. Ол бакалавриаттың 3–4-курс студенттеріне беріліп, жастарды оқуға және ғылыми ізденістерге ынталандырады.

    Жиналыста ғылым мен инновациялар саласында жүзеге асырылатын жоспарлар да ұсынылды.

    Жоғары білімнен кейінгі білім жүйесінде ғылыми дәрежесі бар кадрларды даярлау тәртібі жетілдіріледі. Атап айтқанда, докторантураға бөлінетін квоталар елді дамытудың басым бағыттарына сәйкес белгіленеді.

    Ғылым академиясының елдегі болашағы зор ғылыми бағыттарды дамытудағы, іргелі, қолданбалы және инновациялық зерттеулерді жүзеге асырудағы, ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізудегі орны күшейтіледі.

    Мемлекет басшысы айтылған ұсыныстарды мақұлдап, тиісті құжаттарға қол қойды. Онда көрсетілген міндеттердің орындалуын жүйелі әрі сапалы қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates