Адам тәрбиесінің негізі саналатын бұл салаларға Өзбекстанда ерекше назар аударылып келеді. Өңірлерде жаңа білім беру мекемелері салынып, мамандардың біліктілігі арттырылуда. Оқулықтар мен оқу құралдары заман талабына сай жаңартылуда.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесі озық шетелдік тәжірибелер негізінде жаңаша даму кезеңіне қадам басты. Соңғы жылдары балабақшалардың саны 8 есеге артып, 38 мыңға жетті, ал қамту деңгейі 27 пайыздан 76 пайызға дейін өсті.
Республикада мектеп білімін дамыту жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Соңғы жеті жылда 5 мыңнан астам мектепте, ал биыл 608 мектепте құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға екінші шет тілі мен кәсіп үйрету кеңейтілді. Алғаш рет 530 мектепте инклюзивті білім беру жолға қойылды.
Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрі келесі жоспарлар туралы ақпарат берді.
Келтірілген мәлімет бойынша, келесі оқу жылында 100-ден астам жаңа мектеп салынып, 257 мың оқушы орны ашылады. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі.
Екінші шет тілі оқытылатын мектептер саны 420-ға, ал өнеркәсіпке ұйретілетін мектептер саны 400-ге жеткізіледі.
Әлемдегі озық тәжірибелер мен жаңа әдістер тәжірибеге енгізілуде. Биыл 1500 жалпы білім беретін мектепте жаңа бағалау жүйесі енгізілді. Нәтижелерді талдау негізінде бұл тәжірибе кеңейтіледі.
Мұғалімдерге біліктілік санатын беру жұмысы цифрлық жүйеге көшірілді. Енді біліктілік санатын арттырған педагогтерге жиналған балдарына қарай 70 пайызға дейін үстемақы төленеді.
Мемлекет басшысы біліктілік сынақтарын жетілдіру, әділ бәсекелестік орта қалыптастырып, барлық педагогтерге тең мүмкіндік беру қажеттігін айтты.
Осы мақсатта келесі жылдан бастап өңірлердегі біліктілікті арттыру орталықтарында оқу процесі өзгереді. Әр мұғалімнің қажеттілігіне қарай жіктелген біліктілікті арттыру жүйесі енгізіледі. Біліктілік сынағынан өте алмаған педагогтер арнайы бағдарлама негізінде қосымша оқытылады. Облыстардағы 5 педагогикалық шеберлік орталығы заманауи жағдайда жұмыс істей бастайды. Барлық орталықтар оқу-жаттығу техникасымен және виртуалды зертханалармен жабдықталады.
Білім беру ұйымдарына білікті басшыларды тарту және олардың қызметін қолдау мақсатында қосымша қаражат көздері арқылы мектеп пен балабақша директорлары мен олардың орынбасарларын материалдық ынталандыру ұсынылды.
Білім беру мен тәрбие өзара тығыз байланыста үйлесімді түрде жүзеге асырылады. Өзбекстан Президентінің 15 қарашадағы қаулысына сәйкес, оқушыларды әскери даярлыққа дейінгі бастапқы оқыту жүйесіне ерекше назар аударылады.
Жоғары сыныптарда әскери-патриоттық сабақтар аптасына бір сағатқа көбейтілді. Осы бағыттағы мұғалімдердің мәртебесін арттыру үшін оларға әскери шен беру тәртібі бекітілді.
Келесі оқу жылына дейін бұл пән бойынша жаңа оқулықтар әзірленіп, жоғары кәсіби мұғалімдер жұмысқа тартылады. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, 208 білім беру мекемесінде «Жасорат мектептері» ұйымдастырылады. Мұндай мектептерге тәрбиесі күрделі оқушылар да қабылданады.
Биыл 30 қыркүйекте салаға қатысты тағы бір маңызды құжат – мектепке дейінгі білім беру сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған Президент жарлығы қабылданды. Осыған сәйкес, 2025 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары директорларының орынбасары лауазымы енгізіледі. «Әдістемелік шеберлік сағаты», «Әдістемелік шеберлік күні» секілді біліктілікті арттыру формалары ұйымдастырылады.
Келесі жылы 162 мектепке дейінгі білім беру мекемесі салынады, 100 жеке және 1000 отбасылық балабақша ашылады. Бұл арқылы мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 78 пайызға жетеді. Мектепке даярлық топтары мен бастауыш сыныптардың оқу бағдарламаларының сабақтастығы артады.
Мемлекет басшысы білім беру сапасын барлық өңірлерде арттырып, әсіресе шалғай аудандарға ерекше назар аудару жөнінде тапсырмалар берді.