Президент Шавкат Мирзиёев бүкіл халқымызды және шетелдегі отандастарымызды еліміздің тәуелсіздігінің 34 жылдығымен құттықтады.

– Бүгін, міне, осынау ұлы күндерде бәріміз өмірлік шындықты терең сезініп отырмыз. Жаңа Өзбекстан идеясы аясында бастаған ауқымды реформаларымыздың арқасында тәуелсіздік берген құқық пен еркіндікті әрбір отандасымыз өз өмірінде терең сезініп, бұл мүмкіндіктерден кеңінен пайдалануда. Дәл осы ұлы идея арқылы біз үш мың жылдық бай тарихымыз бен мәдениетімізді қайтадан танып, бағамдадық. Жеріміздегі Бірінші және Екінші Ренессанс дәстүрлерін жалғастырып, Үшінші Ренессанс жолында батыл қадамдар жасап келеміз.

Сенімім кәміл, осы жолда Жаңа Өзбекстан мемлекеті мен Жаңа Өзбекстан қоғамы біздің ұлы тарихымызды жаңа – бұрынғыдан да жоғары Өрлеу дәуірімен байланыстыратын берік көпірге айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Тәуелсіздік, ең алдымен, қуатты экономика арқылы нығаяды. Осы тұрғыдан алғанда, Президентіміздің сөзінде көптеген маңызды нәтижелер атап өтілді.

Әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, еліміз экономикасы 6 пайыздан жоғары қарқынмен тұрақты өсуде. Соңғы сегіз жылда жалпы ішкі өнім екі есеге артып, өткен жылы 115 миллиард долларға, экспорт көлемі 26 миллиард долларға жетті. Жыл қорытындысымен жалпы ішкі өніміміз 130 миллиард долларға жетеді деп күтілуде. Мемлекетіміздің алтын-валюта қоры алғаш рет 48 миллиард доллардан асты. Соңғы сегіз жылда елімізге шамамен 130 миллиард доллар шетелдік инвестициялар тартылды.

Халқымыздың көз алдында мыңдаған заманауи кәсіпорындар мен әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым нысандары бой көтеріп жатыр. Биыл жалпы 35 миллиард доллар инвестиция есебінен шамамен 9 мың жаңа кәсіпорын мен қызмет көрсету кешендері іске қосылады.

Өткен кезеңде шағын және орта кәсіпкерлер саны екі есеге артты. Бүгінде бұл салада 10 миллионнан астам адам еңбек етіп, табыс табуда.

Жыл басынан бері 5 миллион адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Тек биылдың өзінде шетелде жұмыс істеп жүрген 700 мың азамат елімізге, өз отбасының бауырына оралды.

Өзбекстанның әлемге кеңінен құшақ жая ашылуы нәтижесінде өткен жылы шетелдік туристер саны 10 миллионнан асты, ал туризм қызметтері экспорты 3 миллиард доллардан жоғары болды.

Экономиканың дамуы және халық санының өсуімен бірге қауіпсіз әрі тұрақты энергия ресурстарына сұраныс артуда. Сондықтан «жасыл» энергия үлесін көбейту бойынша бұрын-соңды болмаған қадамдар жасалды.

Нәтижесінде электр энергиясын өндіру қуаты 2016 жылғы 59 миллиард киловатт-сағаттан қазіргі кезде 85 миллиард киловатт-сағатқа жетті. Келесі жылы бұл көрсеткіш 97 миллиард киловатт-сағаттан асатыны күтілуде.

Биылдың өзінде 6,5 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді. Ең бастысы, жалпы генерация қуаттарындағы «жасыл» энергия үлесі 30 пайызға жетті. 2030 жылға дейін тағы 35 миллиард доллар тікелей инвестиция есебінен бұл көрсеткішті 54 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Әлеуметтік салалар да дамытылып, халықтың тұрмыс деңгейі жақсарып келеді. Соңғы сегіз жылда елімізде шамамен 12 мың көпқабатты тұрғын үй салынды. Биылдың өзінде «Жаңа Өзбекстан» және басқа да массивтерде 130 мың пәтерлі заманауи тұрғын үйлер тұрғызылып, халыққа пайдалануға беріледі.

Әлеуметтік қорғау саясаты да мұқтаж жандарға демеу болып отыр. «Хамрохлик» бағдарламасына сәйкес, ата-ана мейірімінен айырылған 11 мың бала білім, кәсіптік даярлық және спорт жүйесіне қамтылғаны маңызды қадам болды. Сонымен бірге мұқтаж отбасылардың 2,5 миллионнан астам мүшесіне 110 түрлі көмек пен қызмет көрсету жолға қойылды.

Осының бәрі өз жемісін беріп, елімізде кедейлік деңгейі 6,8 пайызға дейін төмендеді.

Сапалы білім мен халық денсаулығы – келешек дамуды айқындайтын ең маңызды мәселе. Осы мақсатта соңғы сегіз жылда жеке сектордың қатысуымен балабақшалардағы орын саны 2,5 миллионға жетіп, қамту деңгейі 78 пайызға көтерілді. Мектептерде қосымша 1 миллион оқушы орны жасалды. Жоғары білімде қамту деңгейі 9 пайыздан 42 пайызға өсті.

Соңғы жылдары медицинаға бөлінетін қаржы көлемі 6 есе артты, сапалы медициналық қызметтер ауылдарға дейін жеткізілді. Жоғары технологиялық операциялардың 400-ден астамы қазір облыстар мен аудандардың өзінде жасалып отыр. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып келе жатқанының нәтижесінде орташа өмір сүру ұзақтығы 73,8 жастан 75,1 жасқа дейін ұзарғаны атап өтілді.

Еліміздің ұл-қыздарының өнеркәсіп, ғылым, мәдениет және спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатқаны атап өтілді. Оларды ерекше құрметпен атап, Президентіміз барша Өзбекстан жастарына арнап былай деді:

«Қымбатты перзенттерім, әрдайым есте сақтаңыздар: бақыт – талпынғандікі, жеңіс – күрескендікі! Болашақты батырлар, тарихты жеңімпаздар жасайды. Әрқашан алға ұмтылыңыздар, ержүрек ұлдарым, парасатты қыздарым! Сіздердің игі істеріңізде Отан, халық және Президент әрдайым сенімді тірек болады!».

Мемлекет басшысы өз сөзінде геосаяси жағдайға да тоқталды. Өзбекстанның дауысы өңірлік және халықаралық алаңдарда барған сайын биіктеп естіліп жатқаны, елімізде көптеген беделді саммиттердің өтіп жатқаны айтылды. Осы тұста Өзбекстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы тағы бір мәрте айқын атап өтілді.

Мемлекет басшысы мерекеде қатысып отырған шетел мемлекеттерінің елшілерін, халықаралық ұйымдар өкілдерін шын жүректен құттықтап, нәтижелі ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді.

Сөзінің соңында Шавкат Мирзиёев еліміздегі өзгерістердің жалғасатынын атап өтіп, халқымызды бірлік пен жанқиярлыққа шақырды:

– Біз бәріміз бір халықпыз, бір мемлекетпіз, бір отбасымыз! Біздің тағдырымыз, болашағымыз, бақытымыз бен жетістігіміз де ортақ. Әрбір отандасымыз уақыттың өзі алға қойып отырған өткір талаптарды терең сезініп, сүйікті Отанымыздың өркендеуі жолында адал қызмет етеді деп сенемін, – деді Президент.

Осыдан кейін мерекелік шаттық үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Ән мен күйлерде халқымыздың бай өнері мен асыл құндылықтары, бүгінгі шүкіршілік сезімі мен болашаққа деген арман-мақсаттары айқын көрініс тапты. Салтанат телеарна мен интернет арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, мереке рухы бүкіл өңірлерге таралып тұрды.