Ол бұл туралы lenta.ru сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Маманның пікірінше, зерттеулер бойынша теледидардан таралатын нұр жүрек-қан тамыры проблемаларын, соның ішінде инсульт қаупін арттыратынын көрсетеді. Көбінесе қосулы тұрған теледидар немесе подкаст — цифрлық аудио немесе бейнефайл, пікірталас шоулары, блогтар, сұхбаттарды көріп немесе тыңдап ұйықтайтын адамдарда ағзаның ішкі биологиялық сағатының ырғағы, зат алмасу үдерістері бұзылып, ұйқы сапасы нашарлайды.
«Теледидар қосулы тұрған кезде оның экранынан таралатын нұр кейде күшейіп, кейде әлсіреп өзгеріп тұрады. Адам миы бірқалыпты жанып тұратын көмескі жарық көздеріне қарағанда, теледидардың нұры күшті әсер етеді. Ал теледидардың дыбысы микрооянуларды тудырады. Адам оларды есінде сақтамайды, бірақ ұйқысы бұзылады, толыққанды демала алмайды, жүйкеге әсер етеді. Ми ұйқы кезінде де жұмысын жалғастырып, дыбыстар мен сигналдарды өңдеуді тоқтатпайды», — деп түсіндіреді дәрігер.
Оның пікірінше, егер адам үнемі дұрыс ұйықтамаса, қан қысымы көтерілуі, қандағы қант мөлшерінің артуы мүмкін. Мұның барлығы қосылып инсульт пен жүрек-қан тамыр аурулары қаупін арттырады. Татьяна Хребтованың айтуынша, мұндай жағдайда әсіресе қан қысымы жиі көтерілетіндер, қант диабеті бар адамдар, семіздікке бейім жандар, шылым шегетіндер және қорылдайтындар сақ болғаны жөн.